Қарағанды облысында жастарға арналған бизнес-инкубаторлар ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өңірде жастарға арналған бизнес-инкубаторлар ашылады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде облыста әрбір бесінші азамат - жас ұрпақ өкілі. Біз жастардың нақты, өзекті мәселелерін шешуге бағытталған кешенді жоспар әзірледік. Атап айтқанда, оқыту, жұмысқа орналастыру, бос уақытты пайдалы өткізу және отбасылық құндылықтар», - деді аймақ басшысы тұрғындармен есепті кездесуінде. Оның айтуынша, бұл жүйелі жобалар болмақ.

Ерлан Қошанов қалалық және ауылдық колледждер базасында бизнес-инкубаторлар ашылатынын хабарлады. Ол орталықтарда студенттерді кәсіпкерлікке, құқықтық және қаржылық сауаттылыққа үйретеді. Үздік түлектер өз ісін ашуға қолдау алатын болады.

Облыс әкімі ауыл жастары ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.

«Бүгінде Мемлекет басшысы жастарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасады. Бірақ көптеген жастар осы мемлекеттік бағдарламалар туралы біле бермейді. Білген күннің өзінде, сенбейді. Ол мемлекеттік органдар тарапынан жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді», - деді Ерлан Қошанов.

Адамдар жұмысқа орналасу, өз бизнесін ашу мүмкіндіктері туралы білуі үшін облыста ірі базарлар мен вокзалдарда жұмыспен қамту пунктілері ашылды. Бұған қоса, ірі елді мекендерде де, шалғайдағы аудандарда да мобильді жұмыспен қамту пунктілерінің жұмысы ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар