Қарағанды облысында жастар туристік слеті өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Центральное ауылында жастардың туристік слеті өтті. Шараға аудандағы кенттерден, ауылдардан 10 команда қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Слет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Аталмыш жиынды Бұқар жырау аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ауданның Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Жарыс үш кезеңге бөлінді. Слетке қатысушылар бірнеше сайыстарда бақ сынады. Шарт бойынша олар төрешілер алдын ала белгілеген орында лагерь ұйымдастырулары тиіс болатын. Келесі сайыс талабына сай командалар жорық жағдайында ерекше тағамдар дайындады. Сондай-ақ жарыс барысында қатысушылар Қазақстанның географиясы, фаунасы және флорасы, Қарағанды өңірінің тарихы туралы викторина сұрақтарына жауап берді.

Жарыстың екінші кезеңі туристік кедергілер жолағынан құралды. Қатысушылар от жағу, барлық ережелер бойынша шатырды орнату және бөлшектеу, арқан түю, бөренелерді кесу, тауға көтерілу және эстафетаға қатысты.

Қорытынды кезең сырттай өтеді. Қазылар алқасына қатысушылар 15 тамызға дейін туристік слеттің қалай өткені туралы фоторепортаждар ұсынуы тиіс. Үздік жұмыстар аудандық газетте және әлеуметтік желілерде жарияланады.

Соңғы жаңалықтар