Қарағанды облысында жаңа мешіт ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ақтоғай ауданындағы «Ақсораң» орталық мешіті ел игілігіне берілді. Киелі мекенде қазығы қағылған мешіттің ашылу салтанатына аудан жұртшылығы көп жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тағылымды шарада аудан әкімі Салтанат Әбеуова сөз сөйлеп, мешіттің ашылуымен құттықтады. Сонымен бірге, мешіт құрылысына белсене араласып, демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғыс айтты. Қарағанды облыстық «Әнет Баба» мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа да сөз сөйлеп, жылы лебізін арнады.

Алла үйінің бой көтеруіне ықпал жасап, күш-жігерін аямаған серіктестік төрағасына ауыл тұрғындары мен қариялар да ризашылығын білдіріп, ауыл ақсақалдары Нұржан Ибрагимұлына ақбоз ат мінгізді.

Айта кетейік, Ақтоғай ауданы орталығынан бой көтерген 200 адамдық «Ақсораң» орталық мешітінің құрылысы 2018 жылдың мамыр айында Нұржан Имановтың және «Ақтоғай өнім» ЖШС ұжымының демеушілігімен басталған болатын.

Аудан орталығында орналасқан мешіттің 2 мұнарасы бар. Алла үйінің құрылыс сәулеті заман талабына сай безендіріліп, тұрғызылған. Мешіт құрылысының жер аумағы - 0,6 га, асхана құрылысының жері - 0,4 га, жалпы жер көлемі - 1,0 га.

Жалпы, құлшылық үйінде бір мезетте 200 адам намаз оқи алады. Намаз оқуға арналған бір үлкен залы, әйелдер намаз залы, бір құран оқу және неке қию бөлмесі, бір имамдар бөлмесі және дәрет алу орны бар. Мешіт аумағында 250 кісіге арналған асхана мен мәйітхана да қарастырылған. Аталған мешіт ғимараты мен асхансын жылумен қамту мақсатында орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған. Мешіт сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етілген.

Соңғы жаңалықтар