Қарағанды облысында үздік медицина қызметкерлері марапатталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Кәсіби мереке қарсаңында үздік медицина қызметкерлері Қарағанды облысы әкімінің марапаттарына ие болды.

Былтырғыдай, биыл да пандемияға байланысты олар ресми рәсімдер өткізбеуге шешім қабылдады. Құттықтаудың теледидарлық нұсқасы жергілікті арналардың эфирінен көрсетілді.

«Кез-келген қоғамның, кез-келген мемлекеттің дамуының негізі, ең алдымен, дені сау ұлт. Сіздердің халықтың денсаулығын нығайтуға және сақтауға қосқан үлесіңіз бағалауға лайық. Пандемияның ең қиын кезеңінде сіздер жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлікті, таңдаған іске деген адалдықты көрсеттіңіздер. Облыста сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді алу үшін жағдайлар жасалды. Біз бірлескен күш-жігермен барлық қиындықтарды жеңетінімізге және денсаулық сақтау жүйесінің міндеттерін ойдағыдай орындайтынымызға сенімдімін», – деп аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мерекемен құттықтай келе, дәрігерлерге атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Телерәсімге түсірілім тек Қарағандыда ғана емес, сонымен бірге Нұр-Сұлтан мен Алматыда да жүргізілді. Жеңімпаздардың есімдері жазылған конверттер ашылып, әріптестерін танымал денсаулық сақтау қызметкерлері: академик Тельман Сейсембеков, профессорлар Төрегелді Шарманов, Болатбек Баймаханов, Төлебай Рахыпбеков және басқалар құттықтады.

Дәрігерлерге арнайы дайындалған концерт қойылды.

Жеті номинация бойынша байқау жеңімпаздарына 500 мың теңге сыйақы берілді.

«Мамандығына адалдығы үшін» арнайы сыйлығының және миллион теңгенің сертификатының иегері 77 жастағы дәрігер-травматолог Тұрсын Нұрғалиев болды. Ол медицинада жарты ғасыр бойы еңбек етіп келеді. Қазір ол Саран қаласындағы орталық ауруханада жұмыс істейді. Оны әріптестері өзінің кәсіби деңгейін үнемі көтеріп отыратын тәжірибелі маман ретінде құрметтейді.

2021 жылғы облыс әкімі сыйлығының иегерлері:

- «Үздік акушер-гинеколог» номинациясы бойынша – Теміртау қаласындағы ана мен балаға арналған көпсалалы орталық дәрігері Александра Десятиченко;

- «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» – Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасының дәрігері Мақпал Рахимова;

- «Үздік педиатр» – Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасының балалар невропатологы Бақыт Досжанова;

- «Үздік терапевт» – Шахтинск қаласындағы орталық аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнара Ақаева;

- «Үздік хирург» – Облыстық клиникалық аурухананың қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Франц Галицкий;

- «Үздік орта медициналық қызметкер» – Облыстық клиникалық аурухананың мейірбике-анестезиологы Марияш Салимова;

- «Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» – Қарағанды қаласындағы №1 көпсалалы аурухананың директоры Дмитрий Чернов.

Қазақстандағы медицина қызметкерлері күні жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау қызметкерлеріне сыйлығы 2006 жылы бекітілген.


Соңғы жаңалықтар