Қарағанды облысында үсік шалған сегіз адам ауруханаға жеткізілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 4 және 5 ақпанда үсік шалған сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың алтауы ауруханаға жатқызылды, екеуі амбулаторлы түрде ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған қоса Қарағанды облысында өткен тәулікте 5 адам аяз құрсауынан құтқарылды.

«Бұқар Жырау ауданында Ақтау кентінен 8 шақырым қашықтықта ТЖД қызметкерлерінің көмегімен жолда бұзылып қалған «Газель» авто көлігінен 1 адам құтқарылып, Теміртау қаласына жеткізілді. Сондай-ақ, Ұлытау аулынан 12 шақырым қашықтықта ТЖБ және жергілікті атқару органдарының қызметкерлері қар құрсауында қалған «Нива» көлігінен 4 адамды эвакуациялаған. Құтқарылған адамдарға медициналық көмек қажет болмады», деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

6 және 7 ақпанда түнде өңірде -37-42 градусқа дейін қатты аяз түседі. Кей жерлерде, көбінесе облыстың солтүстігінде, ауа температурасы 45 градусқа дейін төмендейді.

Қарағанды облысының құтқарушылары мен медицина қызметкерлері бұл күндері жылы киініп, қажет болмаған жағдайда далаға шықпау керектігін еске салады.

Денені үсік шалғанын келесі нышандар бойынша анықтауға болады: дене температурасының төмендеуі, қалтырау, кейде теріде көгерген дақтардың пайда болуы, ұйқының келуі. Екінші, үшінші және төртінші дәрежелі үсік шалу кезінде екінші-үшінші күні тері күлдіреп, үскен жерде тері жансыздана бастайды.

Үсік шалған бетте зардап шегушіні дереу жылы жерге орналастыру қажет. Егер жай мұздаған болса, үскен тері бөліктерін жылы лебіңізбен жылытып, сәл уқалау қажет, сонан соң дәкемен таңып тастаған жөн. Үсіген теріге май немесе жақпа майлар жағуға болмайды. Ал егер үсік қатты шалғаны байқалса және зардап шегуші қатты ауыртпалық сезінсе, оны жылы жерге орналастырған бетте жедел жәрдем шақыру керек.

Соңғы жаңалықтар