Қарағанды облысында үшінші күн электр стансасы іске қосылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Еліміздің тоғызыншы өңірі тағы бір «жасыл» нысанмен толықты. Шет ауданының Ағадыр кентінде қуаты 50 МВт күн электр стансасы салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қарағанды облысы жаңартылған энергия көздерін енгізу бойынша көшбасшы өңірге айналды. Осы жылы мұнда үшінші ірі жоба іске қосылады.

«Бізде бір мақсат бар. Бұл Елбасының тапсырмасы - Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30%-ға жеткізу. Біз бұл бағытқа сенімді қадам басып келеміз. Бүгін біз облыста үшінші ірі күн электр стансасын іске қосамыз. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсібін дамыту үшін өте маңызды. Күн энергиясын дамыта отырып, біз қуат тапшылығын еңсеріп қана қоймай, экологиялық мәселелерді де шешеміз», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Шет ауданындағы күн фермасы 125 гектар жерді алып жатыр. Мұнда қуатты қосалқы стансалар мен 150 мың гелиопанель орнатылды. «Ақадыр» КЭС облыс әкімдігінің «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бірлескен жұмысы барысында германиялық Solarnet Investment GmbH компаниясының жеке инвестицияcына салынды. Жобаның құны - 55 млн еуро.

«Бұл біздің Қарағанды облысында іске қосып отырған екінші күн электр стансамыз. Аталмыш жобалар неміс инвесторлары, облыс әкімдігі және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр», - деп атап өтті бас инвестор Йохим Голдбек.

Ол бүгінде КЭС өнімділігі сағатына 25 МВт энергияны құрайтынын хабарлады. Және күн фермасын 76 МВт-қа дейін ұлғайта отырып, кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.

Жылдың басында Қарағанды облысы еуропалық инвесторлармен баламалы энергетиканы дамыту жөнінде меморандум жасасты. Болашақта бұл тағы 500 МВт күн энергиясына қол жеткізеді және 500 млн еуро тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік тудырады.

Қарағанды облысында бұдан басқа Саран мен Гүлшат кентінде екі күн электр стансасы жұмыс істейді. Енді өңірдегі үш қуат көзі 200 МВт-қа дейін «жасыл» энергия бере алады.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында қуаты 48 МВт-тық жел стансасы салынатыны хабарланда. Үлкен жобаны халықаралық мұнай компаниясы қаржыландырды.

Соңғы жаңалықтар