Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысы қарқындай түседі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында үлкен құрылыс басталады. Облыс орталығында ғана емес, сондай-ақ өңірдің қалалары мен аудандарында да тұрғын үйлер салу міндеті тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңіс Қасымбек өз әріптестерін және жергілікті құрылыс салушыларды осы бағытта белсенді жұмыс істеуге шақырды. Ол үшін бүгінде елімізде мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктері жұмыс істейді. Олардың шарттары туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен еншілес компаниялардың бірінші басшылары айтып берді.

Кездесу барысында мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы шешуге болатын нұсқалар ұсынылды. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке меморандум жасауды ұсынды. Осы негізде ҚИК жаңа құрылыстарда дәрігерлер мен педагогтарға 200 пәтер бере алады.

Тұрғын үйге мұқтаж адамдардың тізімін Денсаулық сақтау және білім беру басқармалары қалыптастыратын болады. Содан кейін Қазақстандық ипотекалық компания үміткерлердің төлем қабілеттілігін тексереді. Мұндай пәтерді алу үшін бастапқы жарна қажет емес. Екі бөлмелі пәтер үшін ай сайынғы төлем сомасы 60-тан 70 мың теңгеге дейін болады. Уақтылы төленген жағдайда, 20 жылдан кейін тұрғын үй алушының меншігіне өтеді. Пәтерді бұл мерзімнен бұрын да сатып алуға болады.

«Бұл үлкен көмек. Мен осы меморандумды қолдайтынымды айтқым келеді. Қол қояйық, шарттары өте жақсы. Жаңа үйлердегі екі бөлмелі пәтерлердің аумағы 70 шаршы метрге дейін жетеді. Демек, пәтерді жалдап тұрғаннан гөрі, осы бағдарлама бойынша сатып алған тиімдірек болады. Сонымен қатар, меморандум аясында тұрғын үй мерзімі өткеннен кейін жалға алушының меншігіне өтеді», - деді Жеңіс Қасымбек.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Қарағанды облысы – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны бойынша көшбасшылардың бірі екенін хабарлады. Тек Қарағандыда 97 636 адамның депозиттері бар. Теміртауда - 5 810 адам, Жезқазғанда - 8 473 адам, Сәтпаев және Балқашта – 5000-нан астам салымшы.

Алайда, оның айтуынша, олардың көпшілігі тұрғын үйді екінші нарықта сатып алады. Бұл, біріншіден, жаңа құрылыстардағы пәтерлердің жетіспеуінен, екіншіден, шаршы метрдің бағасы 140 мың теңгеден жоғары болу себепті оларды жеңілдікті бағдарлама бойынша сатып алуға жатпайтынынан.

Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі құрылыс көлемін арттырып, субсидиялаудың түрлі нұсқаларын ойластыруды тапсырды. Келесі жылдың өзінде пайдалануға берілген пәтерлер саны осы жылмен салыстырғанда кемінде бір жарым есе өсуі тиіс.

«Қажеттілік бар, үлкен сұраныс бар. Әкімдік қарағандылықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құрылыс салушылармен сындарлы және ашық жұмыс істеуге дайын. Бұл облыстың басқа өңірлеріне де қатысты», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс басшысы құрылыс материалдары өндірісін ұлғайту мәселесін де қозғады. Қарағанды облысының аумағында осындай 140 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ бұл бағытта одан әрі даму әлеуеті бар. Аймақ басшысы бизнеске даму институттарымен бірлесіп импорт алмастыру бойынша жұмысқа белсенді қатысуды ұсынды. Мемлекеттік қолдау құралдары жаңа кәсіпорындарға айтарлықтай қаржылық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар