Қарағанды облысында тұратын ауыл ақсақалы өзінің ерекше қабілетімен таң қалдырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Ақжал кентінде тұратын зейнеткер Алшынбай Мұқышев туған ауылында жастарға үлгі көрсетуде. Ол болашақ ұрпаққа рухани және физикалық денсаулықты насихаттайды. Қажымұқан Мұңайтпасовтың ізін басып келе жатқан ауыл тұрғыны туралы біздің тілшіміз айтып береді.

65 жасында Алшынбай Мұқышев йоганы еркін меңгерген. Зейнеткер рухани және физикалық дамуға бел буған.

Бұл оған тек денсаулық сыйлап қана қоймай, төзімділікке үйреткен.

«Мен жұқа тақталардан бастадым және уақыт өте келе олардың қалыңдығын біртіндеп арттырдым. Содан кейін қызыл кірпішке көштім. Бұл трюктерді әртүрлі мерекелік шараларда көрсетемін. Мысалы Наурызда көпшілік жиналғанда. Көбісі бұл өнерімді көрген кезде мен үшін қатты уайымдайды», - дейді зейнеткер.

Ақсақалдың мүмкіндіктері шынымен де таң қалдырады. Сынған тақталарды былай қойғанда, саусақтармен сындырған плиткалар әрдайым көрермендерді таң қалдырады.

Ол кейде шынымен қауіпті трюктерді орындайды. Бір адам көтере алмайтын үлкен тасты зейнеткер кеудесі мен ішіне қойып, балғамен сындырады.

Әрине, экстремал қария ешқандай зақым алмайды.

Алшынбай Мұқышевтің айтуынша, мұның құпиясы – тыныс алуды бақылауда.

«Соққының алдында дененің өзі тас сияқты қатты болуы керек. Мысалы, бірдеңені ұрмас бұрын, сіз жұдырығыңызды қысасыз. Бұл тәжірибемен келеді», - деп түсіндіреді Алшынбай Мұқышев.

Зейнеткер денесінің әрбір бөлігін шынықтыруға тырысады. Оның ішінде білектерін де.

Оларды арматурамен орау үшін оған бірнеше секунд жеткілікті. Ол осындай экстремалды спортты 40 жасында игере бастаған.

Оның айтуынша, барлығы денсаулық жағдайына байланысты басталған. Кеудесінде, аяқ-қолдарында қатты ауырсыну болған.

Тіпті қалыпты ұйықтай алмағанын айтады. Нәтижесінде ол денесін нығайтуға шешім қабылдады.

Айта кету керек, Алшынбай Мұқышевті бұл ерекше дағдыларға ешкім үйретпеген. Оның жаттықтырушылары жоқ және ол интернеттен ақпарат алып, қолданбаған.

Қарияның айтуынша, спорт әлеміне жолсілтемелердің бірі – Қажымұқан Мұңайтпасовтың кітабы болған.

Зейнеткер спортпен шұғылдануды одан әрі жалғастырады. Ол ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шабыттандырады.


Соңғы жаңалықтар