Қарағанды облысында төрт жаңа компьютерлік томография кабинеті ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында коронавирусты емдеу үшін барлық қажетті дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары, сондай-ақ оттегі концентраторлары бар. Ауруды жедел анықтау үшін сегіз ПТР-зертхана ашылып, 26 компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Биыл тағы да осындай төрт кабинет ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша Жаңаарқа, Осакаров, Қарқаралы аудандарының ауруханаларында, сондай-ақ облыстық фтизиопульмонология орталығында ашылады.

«Өңірде күн сайын дерт жұқтырғандар саны артып келеді. Жедел жәрдемге және мобильді топтарға түсетін қоңыраулар саны да артты. Бізде төсек-орындарды орналастырудың кезеңдік жоспары бар. Резервте 2 300 төсек бар. Яғни, жүйе дайын, дәрі-дәрмектер де жеткілікті», – деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

Коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін 44 стационар жұмыс істейді. Олар реанимацияны қоса алғанда, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Госпитальдарда 6 мыңнан астам дәрігер жұмыс істеуге дайын. Тұрғындардың шақыртуларына желілік жедел жәрдем машиналарымен қатар 128 реанимобиль қызмет көрсетеді.

«Біздің облыста медициналық ұйымдарда 1 160 орталықтандырылған оттегі жеткізу орны, 29 мың оттегі баллоны бар. Соңғылары кезең-кезеңмен толтырылуда. Барлық емханаларда адамдар телефон арқылы кеңес ала алатындай сall-орталықтар жұмыс істейді. Вакцинация инфекция мен аурудың асқынуын болдырмауға көмектеседі. Облыста 115 иммундау орталығы белсенді жұмыс істейді. Pfizerмен вакцинациялау үшін мамандандырылған тоңазытқыш жабдықтары бар қосымша 27 орталық жұмыс істейді. Өңірде барлығы 566 мыңнан астам адам екі компонентпен екпе алды», – деп толықтырды Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Айта кетейік, өткен жылдың қараша айынан бастап облыста коронавирус инфекциясына қарсы халықтың ревакцинациясы басталды.


Соңғы жаңалықтар