Қарағанды облысында тасқын су шайып кеткен жолдарды жөндеу жұмыстары басталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Абай ауданындағы 4 ауылда көктемгі тасқын салдарынан бұзылған жолдарды жөндеу мақсатында төтенше жағдай жарияланды.

Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Мағзиннің тиісті қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысы Абай ауданының Қоянды, Құлаайғыр, Тасзаимка, Жұмабек ауылдарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын», - делінген қаулыда.

Бұл шешімге байланысты Абай ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы түсініктеме берді.

«Көктем мезгілінде еріген қар суы айтылған ауылдардың жолдарын шайып кетті. Тасқын салдарынан жалпы саны 4 жол опырылып кеткен. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары басталды. Жолдар қыркүйек айының басында қайта пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы жұмыстарды өткізу мақсатында елді мекендерде төтенше жағдай жарияланды», - деп түсініктеме берді Абай ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ольга Цой.

Айта кетейік, бүгін Атырау облысындағы жолақ сызығы қисық жол туралы хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар