Қарағанды облысында тағы бір күн электр стансасы іске қосылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында күннен қуат жинайтын электр стансасы іске қосылды. Жаңартылған энергия өндіретін нысанның ашылу салтанатына ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның энергетикалық кешені жаңартылатын энергия көздерінің тағы бір нысанымен толықты. Ол - Балқаш маңындағы Гүлшат кентінде орналасқан шетелдік инвестицияларға салынған күн электр стансасы.

«Бүгін біздің облыс үшін маңызды күн. Біз екінші ірі күн электр стансасын іске қосып отырмыз. Алдымызға үлкен мақсат қойдық, ол - Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30%-ға жеткізу. Біз оған сенімді түрде қадам басып келеміз. Биылғы қаңтар айында Саран қаласында қуаты 100 МВт болатын алғашқы күн электр стансасы іске қосылды. Бұл - Орталық Азиядағы ең ірі күн стансаларының бірі. Қазір біз «Гүлшат» КЭС-ын ашып жатырмыз. Маусым айында тағы бір стансаны Шет ауданында іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов нысанды іске қосу рәсімінде.
null

Гүлшаттағы күн электр стансасы бір жылға жетпей салынып біткен. 104 гектар жерде 120 мыңнан астам панель орналасқан. Қуаты 40 МВт құрайтын станса Балқаш сияқты 5 қаланы энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жыл сайын ол 58 млн кВ/сағ астам электр энергиясын өндіретін болады.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов атап өткендей, Қарағанды облысы - баламалы энергетиканы дамытуда еліміз бойынша көшбасшы. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін өндіру көлемінің жартысы Қарағанды өңіріне тиесілі.

Станса құрылысы мен жабдықтарына 46 млн АҚШ доллары жұмсалды. Бұл - шетелдік инвестиция. Құрылыс кезінде нысанға 300 адам жұмысқа алынды. Стансада 20 маман қызмет көрсететін болады.

Жоба инвесторлары Қарағанды облысының басшылығына қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді. Компания бұдан кейін де өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуды жоспарлап отыр.
null

Күн электр стансасының ашылу салтанатына Еуропа Қайта Құру және даму банкінің өкілдері, қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығының өкілдері, ардагерлер, Балқаш қаласының құрметті азаматтары, «Жасыл экономика» байқауының жеңімпаздары қатысты.

Соңғы жаңалықтар