Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізіледі
2022 жылғы 26 қаңтар 15:36

Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізіледі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі парақорлықпен қалай күресудің бірнеше нұсқасын ұсынды. Тұжырымдаманы талқылау үшін өңір басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесуге бизнес-қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар және депутаттар шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл салада облыс қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайлы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакенов баяндап берді.

Агенттік бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірледі. Негізгі бағыттардың ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, Бизнестің парасаттылығы және экономикаға мемлекеттің қатысуын төмендету аталды.

«Бизнес-ортада ашықтық пен жауапкершілікті арттыру, корпоративтік сыбайлас жемқорлықты азайту үшін бизнес-тізілімді енгізу қажет. Бұл кәсіпкерлік субъектілері туралы, оның ішінде олардың парасаттылығы мен сенімділігі тұрғысынан жан-жақты мәліметтерді жинақтауға мүмкіндік беретін ашық интеграцияланған деректер базасы. Осылайша, адал кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғалады», – деді Денис Шакенов.

Агенттік бағдарламаны іске асырудың үш нұсқасын ұсынды. Олардың біріншісі – бизнеске сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ерікті түрде енгізу. Бұған жауап ретінде компаниялар мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен басқа да қолдау шараларын алады. Келесі нұсқа – шараларды орындамағаны үшін жауапкершілікті белгілей отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды міндетті түрде енгізу. Соңғысы – түбегейлі. Ол мемлекеттік және жеке секторлар үшін сыбайлас жемқорлық заңнамасын сақтау бойынша бірыңғай талаптар мен құқықтық салдарларды көздейді.

Кәсіпкерлер өмірден мысалдар келтіре отырып полиция, медицина, сот, құрылыс және басқа да салалардағы сыбайлас жемқорлық құрамдастары туралы айтып берді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасында жұртшылықтың, атап айтқанда, кәсіпкерлердің пікірін ескеру өте маңызды. Біз бизнеске сыбайлас жемқорлық кедергілеріне тап болған кезде кәсіпкерлікті қолдаудың ешқандай шаралары тиімді болмайтынын түсінеміз», – деді Жеңіс Қасымбек.


Jańalyqtar

MURAǴAT