Қарағанды облысында су тасуы мүмкін 149 елдімекен бақылауға алынды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 15 наурыздан бастап Қарағанды облысында су тасқынына жоғары дайындық режимі іске қосылады. Аймақтық су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда өңірдегі жағдай тұрақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингіде су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов айтып берді.

Облыстың бас құтқарушысының мәліметінше, 149 елдімекен, 99 жол учаскесі және 237 су шаруашылығы құрылыстары ерекше бақылауға алынды.

«Облыстың барлық өңірлерінде су тасқынына қарсы жедел штабтар құрылды. 100 мың тоннадан астам инертті материал және 200 мыңға жуық қапшықтар дайындалды. Елді мекендерден 2 млн 192 мың м3 қар шығарылды. 130 км су бұру траншеялары жасалып, 167 км каналдар мен арықтар тазартылды. Автожолдарда 4,5 мыңнан астам су өткізгіш құбырлар мен 461 көпір тазартылды», - дейді Мұрат Қатпанов.

Су тасқынының ерекше қауіп төндіретін уақыты 7-10 сәуір аралығына келеді.

«13 наурыздан бастап департаменттің құтқару бөлімшелері 2350 шаршы метр болатын өзендердің күрделі учаскелерінде мұзды кесу және бұрғылау жұмыстарын бастады. Құрамында 3 мыңға жуық адам, 1388 бірлік техника, 66 жүзу құралы, 360 бірлік су айдау техникасы бар азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді», - деп атап өтті Мұрат Қатпанов.

Сондай-ақ, ТЖД бастығы облыс тұрғындарын аулалардағы қарды тазалауды, су өткізу құрылыстары мен арықтарды жеке аумақтағы қар мен қоқыстардан тазартуды қамтамасыз етуге шақырды. Бұл еріген суды кедергісіз ағызуға мүмкіндік береді.

Су басу қаупі төнген жағдайда халыққа ТЖД кезекші диспетчерлік қызметіне 43-36-36, 43-37-37 немесе 112 телефондары бойынша хабарласуға кеңес берілді.


Соңғы жаңалықтар