Қарағанды облысында сирек ауруы бар балаларды емдеуге 400 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Дюшен бұлшықет дистрофиясы бар төрт баланы емдеуге медициналық сақтандыру қоры 414 миллион теңгеден астам қаражат бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дюшен бұлшықет дистрофиясы – дистрофин ақуызының өндірісін кодтайтын гендегі мутациядан туындайтын сирек ауру. Бұл бұлшықет талшықтарының жетіспеушілігіне әкеледі, олар әлсірейді және зақымға сезімтал болады.

Қарағанды облысында бұл ауруға төрт бала шалдыққан. Олардың екеуі 16 және 17 жаста, қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығында есепте тұр. Олар бұлшықет тіндерін қалпына келтіруге және қозғалыс белсенділігін ұзартуға бағытталған ем алады. Емдеу үшін қолданылатын негізгі дәрілердің бірі – «Аталурен», ол бұлшықет талшықтарын қалпына келтіреді. Осы жылы емханалар жалпы құны 414 млн теңгеден асатын осы препараттың 4,5 мыңға жуық құтысына тапсырыс берген.

«Емдеу осындай пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Терапия пациенттердің қозғалыс белсенділігін ұзартатын, сондай-ақ бұлшықет күші мен жүрек-өкпе қызметін жақсартатын қабынуға қарсы иммуномодуляциялық агенттерді қамтиды. Бұл жерде ата-аналардың дәрі-дәрмектерді қабылдау режимін сақтауы, жіберіп алмауы өте маңызды. Дәрі-дәрмектерді тоқтату науқастың жағдайының нашарлауына әкеледі», - дейді қалалық МСАК орталығының бас педиатры Ольга Кононова.

Дюшен бұлшықет дистрофиясы бар науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.


Соңғы жаңалықтар