Қарағанды облысында сегіз станция жаңа жылыту маусымына дайындалып жатыр

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды өңірінің сегіз станциясы қазандықтар, турбиналар мен қосалқы жабдықтарды жөндеуге кірісті. Жаңа жылыту маусымына дайындық кезінде өткен қыста проблемалар туындаған нысандарға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солардың бірі – Қарағандыдағы № 2 «Білім-Инновация» лицей-интернаты. Оқу орнында жылыту мәселесі газдандыру есебінен шешілетін болады. Күзге қарай желілер тартылады, жылыту тұрақты және үнемді болады. Сондай-ақ, маусым айында лицейге күрделі жөндеу басталады.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жоспар талқыланды.

«Облыстың сегіз станциясында кестеге сәйкес 17 қазандық пен тоғыз турбинаны күрделі жөндеу, екі қазандықты кеңейтілген-ағымдағы жөндеу және 30 қазандық пен 22 турбинаны ағымдағы жөндеу жоспарланған. 2021 жылдан бастап Жезқазған ЖЭО-да бір қазандық пен Топар ГРЭС-інде турбина ауыстырылуда», - деп хабарлады облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Әрбір жылу көзі бойынша бүгінгі күні жөндеу жұмыстарының нақты жоспары бар және нақты мерзімдері жазылған.

Кестеден ауытқымай, Теміртау қаласында ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Станцияға жабдықтардың 95% жеткізілді. Жаңа қазандықтың іске қосылуы қаланың ыстық сумен жабдықталуын жақсартуға және атмосфераның ластануын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Қазандықты тапсыру мерзімі – 2023 жылғы қыркүйекке көзделіп отыр.

Өңірді одан әрі газдандыру бойынша жоспарлар туралы да айтылды. Бүгінгі таңда Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанның 2 705 жеке тұрғын үйіне газ тарату желілері тартылды. 2023 жылдың басында бұл қалаларда үш іске қосу кешенінің құрылысы аяқталуы тиіс.

Саран қаласында жеткізуші газ құбырын салу жалғасады. Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде, Осакаровка және Шахтинск қалаларында газбен жабдықтау желілерінің құрылысына шарттар жасалды. Бұқар Жырау және Шет аудандарын, Жәйрем кентін газдандыруға ЖСҚ әзірленуде.

Қарағандыда жылу оқшаулағыш желілер бойынша жұмыс жалғасады. Жоба үлкен, бірнеше жылға есептелген.

Өткен жылы Шахан кентінде орталықтандырылған қазандық және Балқаш ЖЭО-нан Қоңырат шағын ауданына дейін магистралды жылу желісі іске қосылды. 2022 жылы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталық жылумен жабдықтауға кезең-кезеңмен қосу жалғасады.

«Бұл жылу беру маусымы тұрақты өтті. Енді жоспарланған барлық жөндеулерді уақтылы орындау маңызды. Жұмыс барысын ай сайын бақылайтын боламыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі ведомство басшыларына және қалалар мен аудандардың әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар