Қарағанды облысында салмағы 8 тоннадан асатын көліктерге айыппұл салынуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірдегі автожолдардың сапасына байланысты қол астындағы қызметкерлерінің жұмысына сын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Сынның басым бөлігі Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовқа айтылды. Аймақ басшысы Егіндібұлақ кентінен Қырғыз ауылдық округіне дейінгі жолдың өте нашар жағдайына қатысты сын айтты. 

Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентіне апарар жолдың орташа жөндеуі өткен жылы жүргізілген. Алайда, Теректі кентінің маңында орналасқан «Алтай Полиметалл» ЖШС тау-кен байыту кешенінің өнімдерін тасымалдайтын жүк көліктері жол жабынына зақым келтірген. 

- Халел Мұқатайұлы, бұл мәселе өткен жылы да қозғалған болатын. Сіз білесіз, жолдардың бұзылмауы үшін жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан аспауы тиіс. Жол полициясы неліктен нашар жұмыс істеп жатыр? Сіздерде штатта 32 адам бар, сонда да аумақтағы жолдың жағдайын қадағалай алмай отырсыздар ма? - деді Ерлан Қошанов. 

Осы жағдайға байланысты Қарқаралы ауданының әкімі Қырғыз елді мекені шекарасынан Егіндібұлақ кентіне дейінгі жолдың 25 шақырымында ойықтарды бітеу жұмыстары жасалып жатқанын айтты. Қалған 25 шақырымда орташа жөндеу жасау жоспарланып отыр. 

«Жоспарланған 50 шақырымның 25 шақырымын жөндеуге қатысты тендер өтті. Тендер құны 234 миллион теңгені құрады. Осы аптаның соңында мердігерлер жұмысты бастайды», - деп мәлім етті аудан басшысы Халел Мақсұтов. 

Ол сонымен қатар осыдан екі апта бұрын «АлтайПолиметалл» ЖШС басшылығы тым ауыр жүк көліктері бар мердігерлермен жұмыстарын доғаруды шешкені туралы жеткізді. Енді шикізат пен өнімді кәсіпорында күн сайын бес КамАЗ көліктері тасымалдайды. Осылайша тиелген жүктің салмағы 8 тоннадан аспайды және жол жабыны бұзылмайтын болады. 

«Қазір бұл жол бөлігінде патруль кезекшілік етеді. Кешегі күні Егіндібұлаққа баратын жолда ереже бұзған жүк көліктерінің жүргізушілеріне айыппұл салынды», - деді Халел Мақсұтов. 

Өңір басшысы жол полициясы қызметкерлеріне аймақтағы жолдардың жағдайын қадағалауды, ал тәртіп сақтау органдарына жүк көліктерінің тыйым салынған жолдарда жүрмеулерін бақылауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар