Қарағанды облысында Президенттік жастар кадрлық резервінің келесі кезеңіне 500-ден астам үміткер өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің 2 кезеңі аяқталды. Өтініш берген 7312 үміткердің 549-ы келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауында «арнайы дайындығы бар жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту» қажеттігін айтқан болатын. 

Оған қоса, ел Президенті ұлықтау рәсімінде жастарға, оның ішінде жас мамандарға үлкен сенім артатынын айтып, Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы тапсырма бергені барша халықтың есінде.

Осыған орай елімізде Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталып кетті.

Бүгінгі таңда резервке іріктеудің 2 кезеңі аяқталып, келесі кезеңге 549 адам жіберілді. Жалпы, іріктеуге қатысу үшін www.pkrezerv.kz сайтында 7312 адам тіркелді. Бір қуантарлығы, шетелде жүрген 46 Қазақстан азаматы да іріктеуге қатысуға ниет білдірді.

Іріктеудің шарттарына сәйкес, оған қатысу үшін Қазақстан азаматының жасы 35-тен аспауы, білімі және жалпы жұмыс тәжірибесі 5 жыл болуы қажет.

Өткен кезеңдер туралы айтатын болсақ, тестілеу ашық түрде өтті. Ол қорытындысына ықпал етуге мүмкіндік болмайтын және тестілеудің сұрақтары мен жауаптары өзгертілмейтін, арнайы платформада өткізілді.

Қазіргі таңда www.pkrezerv.kz сайтында екінші кезеңнің қорытындысы бойынша ақпарат орналастырылған, онда үміткерлердің аты-жөнімен қатар, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында олардың алған балдары көрсетілген.

Көп үміткерлердің тестілеу кезеңдерінен өте алмай қалуына қарамастан, олар шектелген уақыт арасында сандық және мәтіндік материалдарды талдау бойынша үлкен тәжірибе алды. Бұл іріктеуге қатысу көп үміткерлерге өзін-өзі дамытуға үлкен себеп болды.

Ал келесі кезеңге өткен үміткерлерге өзінің жетістіктерін, дағдыларын көрсетуге мүмкіндік туындап отыр және барлық кезеңдерден өткен жағдайда мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесін дамытуға өз үлесін қосатын болады.

«Резервке іріктеу барысындағы осындай тестілеуді тапсыру өте жақсы тәжірибе болды, себебі, мұндай тестілеуді ірі компаниялар азаматтарды жұмысқа алатын кезде пайдаланып келеді. Ұйымдастырушыларға қызықты да әр түрлі тапсырмаларға және өз өзімізді тексеруге мүмкіндік алғанымызға үлкен алғыс айтамын», - дейді Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткер Оразбай Мұрат.

Енді кандидаттарды келесі - «Әлеуетті бағалау» кезеңі күтіп тұр. Бұл 3 деңгейден тұрады: жобаны көрсету, эссе жазу, құзыреттерді бағалау. Алдыңғы екі деңгей бойынша іріктеу онлайн түрде өткізіледі, ал соңғы құзыреттерді бағалау деңгейін тапсыру үшін Нұр-Сұлтан қаласына келулері қажет. Кандидаттардың құзыреттерін бағалауды «Aссecмент Орталық» (Assesment Center) әдісі бойынша сарапшылар жүзеге асырады.

Нәтижесінде, «Әлеуетті бағалау» кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған кандидаттар Сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке сұхбаттасуға шақырылатын болады. Осы кезеңнен өту үшін кандидаттарға кестеге сәйкес белгіленген уақытта сұхбаттасу өткізілетін орталыққа келу қажет.

Сараптама комиссиясы өткізген сұхбаттасудың және кандидаттар туралы мәліметтерді талдаудың қорытындылары бойынша Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын кандидаттардың тізімі қалыптастырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар