Қарағанды облысында пандемиядан қайтыс болған дәрігерге ескерткіш орнатылды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентіндегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ғимаратында пандемия кезінде қайтыс болған санитарлық дәрігер Бақберген Айжігітовты еске алуға арналған мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ағам жанашыр және ақкөңіл адам болатын. Жерлестерімізге оны еске алғаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді марқұмның бауыры Марат Алдабергенов мемориалдық тақтаны ашу кезінде.

Марқұмды оның әріптестері де жылы сөзбен еске алады.

«Біз онымен бірге 30 жылға жуық жұмыс жасадық. Пандемия басталған кезде ол Нұр-Сұлтандағы блокпосттарда жұмыс істеуге кетті. Осыдан кейін ол күрделі эпидучасткелерде болды. Біз тіпті оның ортамыздан ерте кетіп қалатынын елестете алмадық. Қазір оның ісін баласы жалғастырып жүр. Ол бізбен бірге жұмыс істейді», – дейді Гүлбарам Отыншина.

Бақберген Айжігітов 2020 жылдың жазында қайтыс болды. Ол 30 жылдан астам санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жұмыс істеді. Бұқар жырау аудандық санқызмет басқармасының бас маманы болды.

Пандемия өршіп тұрғанда өзінің қызметтік міндетін орындай отырып, нағыз қауіпті аумақтарда жұмыс істеді. Мобильді топтардың жұмысына, рейдтерге қатысты, блокпосттарда кезекшілік етті.

2020 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бақберген Айжігітовты қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі қажырлы еңбегі үшін қайтыс болғаннан кейін «Парасат» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, ол қайтыс болғаннан кейін «Халық алғысы» медалімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар