Қарағанды облысында өзендерді тазарту жұмысы басталады

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Осакаровка кентінде мердігер ұйым Ақбастау өзенінің арнасын санациялауға кіріседі. Сонымен қатар Нұра өзенінің арнасын тазарту жоспарланып отыр. Жұмысты осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осакаров ауданының әкімі Нүркен Қобжанов «Tolagai-2050» ЖШС мердігерлік ұйымы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Кездесуде алдағы жұмыстардың барысы талқыланды.

«Ақбастау өзені Осакаровка кенті арқылы өтеді. Арна қатты бітелген. 2020 жылы аудан әкімдігі тазарту жобасын әзірледі. Биыл басқарма 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында қаражат бөлді. Учаскенің ұзындығы - 3,5 км, жағалауды бекіту, үш жаяу жүргіншілер көпірін қалпына келтіру, балшықтан, қоқыстан, шөгінділерден тазарту жүргізіледі», – деді облыстық nабиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Дархан Асқаров.

Жобаның мақсаты – өзен арнасын қамыстан, бұталардан, ағаштардан тазарту және адамдардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету.

Дархан Асқаров өзендерді санациялау бойынша басқа да жобалар туралы хабарлады. Биыл облыс бойынша сегіз учаске жоспарланған.

Ақбастаудан басқа, Қарағандыдағы Солонка өзені, Нұра, Бұқар Жырау аудандарындағы және Теміртау маңындағы Нұра өзенінің учаскелері тазартылады.


Соңғы жаңалықтар