Қарағанды облысында өткен жылыту маусымында тұрғын үй секторында 593 өрт болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында өткен жылыту маусымында тұрғын үй секторында 593 өрт тіркелген. Өңір басшылығын алаңдатып отырған бұл мәселе Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында өңірде өрт қауіпсіздігіне байланысты жағдай жөнінде баяндама жасаған Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпановтың айтуынша, алдын алу жұмыстарына қарамастан, жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында 593 өрт тіркелді.

Қарағанды облысында тұрғын үйде болатын өрттердің алдын алу мақсатында өртке қарсы датчиктер орнатылуда. Өрт шыққан жағдайда белгі беретін мұндай құрылғының осы уақытқа дейін 900-ге жуығы орнатылды.

«Тұрғындардың ыстан улануының негізгі себебі ақауы бар пешті пайдаланумен байланысты болып отыр. Пештің көмегімен жылытылатын көп қабатты тұрғын үйлердегі жағдай қазір алаңдаушылық тудырады», – деді Мұрат Қатпанов.

Осы орайда көпқабатты үйлерді орталық жылумен жабдықтауға қосу немесе олардың жанында автономды қазандықтарды салу жөніндегі жұмыс облыс әкімінің ерекше бақылауында екені айтылды.

Қарағанды облысының аумағында 30 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. 500-ден астам ерікті өртке қарсы бірлестіктер құрылған. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алты құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ осы сияқты жасақтарға жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған адамдар тартылады. Олар арнайы оқудан өтіп, қоғамдық құтқарушылар ретінде әрекет етеді.

Облыста табиғи өрттермен күресу үшін іс-шаралар жоспары бекітілген. Қазірдің өзінде алты орман өрті және 33 дала өрті тіркелді. Олардың барлығы дер кезінде жойылды.

Дала өрттерімен күрес бағытында облыста 505 ерікті өртке қарсы құралымдар жұмыс істейді. 2020 жылы 22 мобильді өрт сөндіру кешені, биыл тағы 9-ы сатып алынды. Төтенше жағдайлар департаменті 17 бірлік қосымша техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Өңірде қоғамдық бірлестіктер нысанындағы өртке қарсы ерікті құралымдарды тіркеу жалғасуда. Халыққа үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Орман өрттерін ерте анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг деректері пайдаланылады.

Жазғы маусымда құтқарушылардың тағы бір маңызды бағыты - су нысандары. Судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін алты құтқару бөлімшесі құрылды. Бұған 100-ден астам адам кіреді. Құтқарушылардың қарамағында 23 техника және 43 жүзу құралдары бар. Сондай-ақ демалыс аймақтары мен жағажайлардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, балалардың суда өздерін ұстау ережелерін сақтау тақырыбында ата-аналар жиналыстары өткізіледі.

«Өртке қарсы іс-шараларға, жазғы кезеңде балалардың демалуына және су нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді ерекше бақылауға алуды сұраймын», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек отырыс соңында.


Соңғы жаңалықтар