Қарағанды облысында өнеркәсіптік қалдықтарды далаға төккен фабрикаға тексеру жүргізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өнеркәсіптік қалдықтарды жер бетіне төгуіне қатысты Қарқаралы ауданындағы «Алтай Полиметаллы» ЖШС-нің «Теректі тау-кен байыту комбинаты» фабрикасының жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика министрлігінен хабарлағандай, 2019 жылдың 10 сәуірінде «Теректі тау-кен байыту комбинаты» байыту фабрикасының өнеркәсіптік қалдықтарының Айыр ауылы маңында жер бетіне төгілуі фактісі тексеріле бастаған. Қарқаралы ауданы әкімінің өтініші бойынша Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің мамандары «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп сол жерге барып, төгілген судың сынамасын алды.

«Қарағанды облысы бойынша экология департаменті «Алтай Полиметаллы» ЖШС-ға қатысты өнеркәсіптік ағындарды төгу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Аталған комбинат қызметінің негізгі түрі - Қарқаралы ауданында орналасқан «Көктасжал» кен орнын игеру болып табылады. Мыс кен орны Теректі ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан. «Алтай Полиметаллы» ЖШС ақпараты бойынша бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде», - деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Алтай Полиметаллы» ЖШС-ның су төгу фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдарға (Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы) хаттар жіберілді. Энергетика министрлігі тексеру нәтижелері туралы ақпаратты алдағы уақытта қосымша хабарламақ.

Соңғы жаңалықтар