Қарағанды облысында мұнай өңдеу зауыты салынады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) салынады. Құрылыс жұмыстарына 100 гектар көлемінде жер телімі бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жұмыстарды «Абылайхан» компаниясы жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда зауыт құрылысына 100 гектар, үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандар салуға 70 гектар жер телімдері бөлінді. Мұнда спорт кешені, медициналық пункт және сауда орталығы бар шағын қалашық салу жоспарланып отыр», - деді Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин.

МӨЗ құрылысына арналған қаражатты сингапурлық фирма инвестициялауда.

«Қазіргі таңда барлық жобалау-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамаға берілді. Қорытынды алынған соң бірден зауыттың құрылысы басталады. Зауыт аудан орталығы Атасу кентінен алты шақырым жерде орналасатын болады. Зауыт пен қалашықты екі жылдың ішінде салу көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарына 1500 адам жұмылдырылады. Өндірісті іске қосқан соң 500 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі», - деп мәлімдеді Юржан Бекқожин.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың көктемінде Қарағандыда Сингапурдан келген инвесторлармен жалпы сомасы 300 миллиард теңгені құрайтын келісімшарт жасалған болатын. Алдын ала есептеулер бойынша, зауытта жылына 1 миллион тоннаға дейін мұнай өңделетін болады.

Соңғы жаңалықтар