Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне жағдай жасалды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 600-ден астам сайлау учаскесі пандустармен жабдықталған. Мүгедектігі бар жандар үшін тағы қандай жағдайлар жасалғаны туралы облыстық сайлау комиссиясының өкілдері айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында сайлау учаскелерін паспорттау және оларды қолжетімділік картасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аумақтық комиссияларға жергілікті атқарушы органдардан мүмкіндіктері шектеулі адамдар туралы деректер беріледі. Осылайша, интерактивті қолжетімділік картасына 621 ашық сайлау учаскесі енгізілді.

Облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта жағдайлары жасалды. Дауыс беру учаскелері орналасқан ғимараттардың кіреберісінде тұтқалар, пандустар орнатылған.

«Облыс бойынша барлығы 50 485 мүгедектігі бар 18 жастан асқан азамат тіркелген, оның ішінде дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азамат саны – 4 786, оның ішінде 1 610 адамның көру қабілеті бұзылған, 1 784-інің есту қабілеті бұзылған және 1 392 адам арбаға таңылған. 611 учаске пандустармен, 269 учаске түрлі тактильді көрсеткіштермен жабдықталған», - деп хабарлады облыстық сайлау комиссиясынан.

Сондай-ақ, барлық учаскелерде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған сайлаушыларға, оның ішінде арбаға таңылғандарға ыңғайлы болу үшін жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жасалды. Мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған.

Сонымен қатар, өңірде 5 қала мен екі ауданда инватакси қызметі ұйымдастырылады. Бұл қызметті Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай ауданының тұрғындары пайдалана алады. Сондай-ақ, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарында сурдоаудармашылар жұмыс істейді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қарағанды облысында сайлаушылар саны – 761 471 адам, оның ішінде алғаш рет дауыс берушілер – 12 735.

Облыста барлығы 654 сайлау учаскесі бар. Барлық учаскелер жұмыс істеуге дайын. Үздіксіз байланыс, электр энергиясы, су, тұрақты телефон байланысы және қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Барлық учаскелер резервтік қуат көзімен қамтамасыз етілген. ТЖД-дан дайындық актілері алынды.


Соңғы жаңалықтар