Қарағанды облысында мүгедек жандарды қолдау бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылмақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында кедергісіз орта құруға тағы бір қадам жасалды. Арбаға таңылған мүгедектер тұратын облыс орталығындағы көпқабатты үйлерге пандустар салына бастады. Меценаттар «Жеке тұлғаларға арналған 50 пандус» жобасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев хабарлады. Қоғам белсендісі бірлескен күш-жігермен қандай мәселелерді шешуге болатынын баяндады.

«Бір ғана мысал келтірейін, шипажайға емделуге барған кезде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды мекеме қызметкерлері алып жүреді. Енді оларға жол шығындарын өтеуге 35 АЕК мөлшерінде төлемдер қарастырылған. Бұл үлгіні біз өңірдің барлық аудандары мен қалаларына таратуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Нияз Сүндеталиев.

Облыста «Инватакси» жұмысы тұрақты жолға қойылды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау қызметтері жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қарағанды, Сәтбаев, Саран, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск қалаларында, Бұқар жырау, Абай және Осакаров аудандарында ұсынылады. Тасымалдаушылар автопарктерінде барлығы 42 автомобиль бар, олардың 23-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған.

Тағы бір міндет – кедергісіз орта құру.

Автопарктер пандустармен жабдықталған автобустар сатып алды. Автобустарда «Ақылды көлік» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды ақпараттандыру үшін білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау басқармаларының Қарағанды облысының Еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментімен бірлескен Telegram чаттары іске қосылды. Нақты уақыт режимінде өз сұрақтарыңызға жауап ала аласыз.

Мүгедек адамдарға жүргізуші куәлігін алу рәсімі де жеңілдетілді. Олар үшін көлік жүргізу және теорияны білу емтихандарын қабылдау Қарағанды мамандандырылған ХҚКО-да ұйымдастырылды. Емтихан тапсыру үшін қолмен басқарылатын жабдықталған автомобиль қарастырылған.

«Оңалту орталықтарын, түзету сыныптарын, спорт алаңдарын, мүгедек адамдарға арналған үйірмелер мен секцияларды дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар», - деп толықтырды Нияз Сүндеталиев.

Облыста 67 мың адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Барлық қалалар мен аудандарда әкімдердің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар