Қарағанды облысында мониторингтік топтар жұмысын күшейтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында карантин мен шектеу талаптарының сақталуын бақылау бойынша 112 мобильді топ жұмыс істейді. Бүгінде олар күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жедел басқару орталығының басшысы Қайрат Шорманбаев мәлімдеді.

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Қарағанды облысы қою қызыл аймақта орналасқан. Өңірде күн сайын аймақта 900-ден астам адам коронавирус жұқтырады. Облыстың бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысымен карантин талаптары күшейтілді. Олардың сақталуын бақылау үшін барлық қалалар мен аудандарда мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді», – деді спикер.

Оның айтуынша, 112 мониторингтік топтың құрамына 600-ге жуық адам кіреді. Олар: полиция, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, еріктілер.

Орталық басшысының ақпараты бойынша, 1 қаңтардан бастап мониторингтік топтар 133 348 нысанды тексеріп, 2 130 заңбұзушылықты анықтады. Жалпы құны 103 млн теңгеден астам сомаға 1 272 айыппұл салынды. Шілде айында 330 заңбұзушылық анықталды, олар бойынша 223 заңды тұлғаға, 107 жеке тұлғаға қатысты актілер жасалды.

Қайрат Шорманбаев қарағандылықтарды жағдайға саналы түрден қарап, карантин бұзу фактілері туралы хабарлауды сұрады.

«Тұрғындар өз денсаулығы мен жақындарының өміріне немқұрайлы қарамауы керек. Бақылау - бұл бизнеске қарсы күрес емес, қажетті қауіпсіздік шаралары. Егер заң бұзу әрекетінің куәсі болсаңыз, Senim қызметіне 109 нөміріне қоңырау шалыңыз. Ақпарат тексеріледі және расталған жағдайда шаралар қабылдау үшін материалдарды санэпидбақылау органдарына жібереді», – деп атап өтті жедел басқару орталығының басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, мониторингтік топтар заңбұзушылықтарды тек бес санитарлық талап бойынша ғана тіркей алады:

- жұмыс тәртібі;

- отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және адамдар көп жиналатын өзге де шараларды өткізуге тыйым салу;

- әлеуметтік қашықтық;

- маска режимі;

- келушілер санының лимитінен асуы.

Мониторингтік топтардың кәсіпкерлерге айыппұл салуға құқығы жоқ. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғау үшін материалдар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне жіберіледі.

Бұзушылықтар үшін айыппұлдар сомасы:

- 87 510 тг. – жеке тұлғалар үшін;

- 670 910 тг. – шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін;

- 904 270 тг. – орта кәсіпкерлік субъектілері үшін;

- 4 667 200 тг. – ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін.


Соңғы жаңалықтар