Қарағанды облысында лифтіні қалпына келтіру бойынша бағдарлама іске қосылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Майқұдық шағын ауданында көпқабатты үйлердің бірінде қалпына келтірілген лифті таныстырылды. Бұл – облыстағы лифт шаруашылығын қайта құру бойынша пилоттық жобаның «алғашқы қарлығашы», деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиырма жыл бұрын жабдықтары істен шыққан үйлерде жақын арада жаңа лифтілер пайда болады. Көп жылғы проблеманы шешу үшін Қарағанды облысының әкімдігі Қазақстандық ТКШ жаңғырту және дамыту орталығымен меморандумға қол қойды.

«Сіздерге лифті жаңа бағдарлама аясында өзгертілді. Егер адамдар келіссе, біз жұмыс істемейтін лифттерді тез қалпына келтіруге дайынбыз. Сіздердің үйлеріңіз іске қосылған бағдарламадағы алғашқы нысан. Келесі жылы бұл бастаманы белсенді түрде жалғастырамыз. Тек Қарағанды бойынша 100 лифтіні қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, оның 70-і Октябрь ауданында орналасқан. Жалпы, тексеріс нәтижелері бойынша облыс бойынша көпқабатты үйлерде жұмыс істемейтін 361 лифт анықталды. Бұған қоса қызмет ету мерзімінен асып кеткен 800 лифт жұмыс істеуде, - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Майқұдық шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындарына. – Яғни алда әлі ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бұған дейін жылына он шақты лифтіні ғана жөндеуден өтетін. Біз қарқынды тездетуді көздеп отырмыз.

Желтоқсан айының соңына дейін Қарағандыда тағы 9 лифт орнатылады, деп хабарлады қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, лифттерді қалпына келтіру жұмыстары сегіз жыл бойы жүргізіліп келеді.

- Жыл сайын 4-8 лифтіге дейін ауыстырылып отырды. Әрине, бұл өте аз. Ал проблема ауқымды. Облыс әкімінің бастамасымен республикалық орталықпен меморандумға қол қойылды. Бұл елдегі осындай ауқымдағы алғашқы пилоттық жоба. Орталық Қарағанды облысының қалаларында лифттерді қалпына келтіруге 2 млрд теңге көлемінде қарыз береді. Бірінші траншты алдық, - деп атап өтті Данияр Дүйсембаев.

Келісімшарттар үш жыл бойы көп қабатты үйлердегі жұмыс істемейтін лифттерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бағдарлама тек облыс орталығына ғана емес, сондай-ақ басқа да моно және шағын қалаларға да қатысты.

- Біздің үйде лифт көп жылдан бері жұмыс істемеді. Мен 7-ші қабатта тұрамын. Осы жылдар аралығында әрдайым жаяу көтерілдік. Әрине, тұрғындардың барлығын аралап шығып, лифт орнатуға келісім берулерін өтінуге тура келді. Бірақ нәтижесі жақсы. Лифт қалпына келтірілді. Барлық көршілер өте қуанышты, - дейді «Восток-3» ықшамауданының 20-шы үйінің тұрғыны Дулат Баймағамбетов.

Тұрғындар жабдықтың техникалық параметрлері мен маркасын өздері таңдайды. Қарағандылықтар беларусьтық өндірістің лифтілерін баға мен сапасына қарай отырып таңдады.

Орташа есеппен алғанда бір лифт 8 млн теңгеге шығады. Пәтер иелері несиені 8 жыл ішінде қайтаратын болады. Бір пәтерден ай сайынғы төлем көлемі баспанасының ауданына байланысты 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін болады.

Бір лифтті орнату үшін бір айдан астам уақыт қажет. Ескі жабдықты бөлшектеу, шахтаны тазалау және дайындауға осынша уақыт кетеді. Нормативтік пайдалану мерзімі – 25 жыл және өндіруші үш жыл кепілдік береді.

Соңғы жаңалықтар