Қарағанды облысында қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш орнатылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Полиция күні мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының Шет аудандық полиция бөлімінің ауласында, қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің құрметіне мемориалдық тақта тасы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мереке күні Шет аудандық полиция бөлімінде өткен игілікті іс-шараға аудан әкімі Марат Жандәулетов, облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов, аудандық полциия бөлімі басшылығымен жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Мемориалдық тақта тасын ашу аудан әкімі Марат Жандәулетовпен облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловқа бұйырды. Тақта тасын ашқан соң қаза болған қызметкерлердің құрметіне гүл шоқтары қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланып, аспанға үш мәрте оқ атылды.

«Ерлікпен батылдық, ержүректік тәртіп сақшыларының бойынан табылатын қасиеттердің бірі. Бүгін біз, өмірден ерте озған полиция қызметкерлеріне тағзым ретінде мемориалдық тақта тасын ашып отырмыз. Бұл үрдіс келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», - деді аудан әкімі Марат Жандәулетов.

Аудан әкімінен кейін сөз алған Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов: «Қаза болған қызметкерлердің құрметіне қойылып жатқан мемориалдық тақта тасы Полиция департаментіне қарасты барлық қала-аудандық ішкі істер органдарында ашылып жатыр. Біз қылмыспен күрес жолында ерлікпен қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Керісінше, олардың жасаған ерліктерін кейінгі жастарға дәріптеп, ерлігіне бас иеміз» - деп атап өтті.

Мемориалдық тақта тасын ашу салтанаты барысында аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарған бірқатар ардагерлер осындай ілкімді іс-шара өткізуге қолғабыс еткен аудан әкіміне және департамент басшылығына алғыс білдірді.

Салтанатты шара барысында полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов аудандық полиция бөлімінің бастығы Ержан Орынбековке Департамент басшылығының атынан 2-қызметтік «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Іс-шара аудандық мәдениет үйінде жалғасып, аудан әкімі өз құқығымен қатарынан оза шапқан бірқатар тәртіп сақшыларын құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапаттаса, Департамент бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов мерекеге орай бірнеше тәртіп сақшыларын Ішкі істер министрі және облыстық Полиция департаменті бастығының бұйрығымен марапаттар үйлестірді. Кеш соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар