Қарағанды облысында КВИ науқастарына арналған 5 мыңнан астам төсек-орын бар

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында күн сайын 700-900 COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркеледі. КВИ-мен ауыратын науқастар үшін облыста 5 147 төсек-орын бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді.

Бүгінгі күні КВИ дертіне шалдыққан науқастарға арналған 5 147 төсектің 2 650-і бос емес. Реанимацияда 130 пациент бар, өкпені жасанды желдету аппаратына 30 адам қосылған.

«Ең көп ауру тіркелген өңірлерде резервтік төсектерді іске қосуды жалғастырып жатырмыз. Қарағандыда 280 төсек-орын ашылды. Жалпы саны 1 760-қа дейін жеткізілді. Жүктеме - 58,5%. Сондай-ақ, өңірде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың жұмысы күшейтілді, онда симптомсыз және жеңіл түрі бар пациенттерге үйде мультидисциплинарлық бригадалар қызмет көрсетеді», - деп хабарлады Гамаль Тоқсамбаев.

Бүгінгі таңда өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

26 компьютерлік томограф бар, оның ішінде 22 КВИ бар пациенттерде өкпе жүйесінің зақымдануын диагностикалауға қатысады.

«Бізде 40 цифрлық рентген-қондырғы, 364 ӨЖЖ аппараты бар. 25 ауруханада медициналық газ таратудың орталықтандырылған жүйесі бар. Тәулігіне 15,6 мың сынамалық қуаты бар 10 ПТР-зертхананың жұмысы қамтамасыз етілді. Қорда 140 мың тест бар», - деп толықтырды облыстың бас дәрігері.

Пациенттерге үйде қызмет көрсету үшін санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген 329 емханалық мобильді бригада жұмыс істейді.

Жедел медициналық көмекті 105 бригада көрсетеді. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда маршрутқа тағы 20 қосымша бригада шығарылатын болады.

Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры бар, деп атап өтті спикер.

Қарағанды облысында КВИ ауруының 55 864 жағдайы тіркелді, 45 445 адам сауығып кетті.


Соңғы жаңалықтар