Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация қалай жүріп жатыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бірінші ақпаннан бастап Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Бүгінгі таңда ресейлік «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен 11 207 адам, ал екіншісімен – 5 634 адам егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова бұл туралы толығырақ баяндап берді.

- Қазір облыс бойынша қанша вакцинация орталықтары жұмыс істейді?

- Бізде 35 вакцинация орталығы әзірленді, онда 115 егу кабинеті бар. Бір егу кабинеті тәулігіне 70-80 адамға вакцина сала алады.

Қазір 14 вакцинация орталығы жұмыс істейді, бұл 30 кабинет. Вакцинация Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Балқаш, Жезқазған қалаларында жүргізіледі. Қарқаралы ауданында орталық аурухана жанынан бір орталық ашылған.

- Екпе алғысы келетіндер аз емес. Вакцина жеткілікті ме?

- Бірінші сәуірде облыс вакцинаның бірінші компонентінің 7 600 дозасын алды. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз бірінші кезекте бұл партияны медициналық және әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері вакцинациялау жөнінде шешім қабылдадық. Бұл тәуекел топтарының бірі.

Осы аптаның соңына қарай тағы 40 мың дозаны аламыз. Сәуір айында тағы да жеткізіледі болады. Бұл Қарағанды фармацевтикалық кешенінде құйылатын «Спутник V» вакцинасы.

Халықты жаппай вакцинациялау сәуір айының ортасында басталады деп үміттенеміз. Біз ірі сауда үйлерінде вакцинация орталықтарын ашу жһнінде шешім қабылдадық. Бұл көшпелі пунктер емес, толыққанды құрылымдар: дәрігерлік және егу кабинеттері, вакцинадан кейінгі бақылау және шұғыл көмек аймақтары болады. Біз оларды стационарлық медициналық тоңазытқыш және барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етеміз. Қазір бұл орталықтарды санэпидқызметпен келісу жүріп жатыр.

- Вакцина алғысы келетіндер қайда баруы керек?

- Тіркелу орны бойынша емханаға жүгіну қажет. Сізді күту тізіміне жазады.

Бөтелкеде бес доза бар, сондықтан бес адамнан тұратын топ құрылады. Әрбір доза есепте. Егер қандай да бір себептермен тағайындалған күні сіз вакцинацияға келе алмасаңыз, бұл туралы хабарлауыңыз қажет. Сіздің кезегіңіз басқа адамға ауыстырылады.

КВИ вакцинациясы ерікті және тегін. Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вакцинацияланбайды. Басқа жас шектеуі жоқ.

- Вакцинаның екінші компонентіне медициналық кері әсер берген жағдай кездесті ме?

- Иә, ондай үш оқиға болды. Біз оны пациент екпе алғанға дейін ауырып, созылмалы дерті толығымен жазылмаған және ағзасы дайын болмаған деп отырмыз. Мұндай адамдарға емдеуден кейін бірден егілмей, кем дегенде екі апта күтуге кеңес береміз.

Екінші компонентке медициналық кері әсер алған үш адам қазір вакцинация кезеңін аяқтағысы келеді. Уақытша үзіліске қарамастан, оған рұқсат етіледі.

- Көпшілікті толғандыратын тағы бір мәселе. Егер адам КВИ-мен ауырса және антидене болса, вакцинациядан өтуі керек пе?

- Бүкіл әлем ғалымдары постковидті синдром туралы айтады. Ауру дененің барлық жүйелеріне әсер етеді. Оңалту кезеңі ұзақ.

Жасанды иммунитеттің болғаны жөн. «Спутник V» вакцинасын жасаушы Гамалея институты иммунитет екі жылға дейін қалыптасады деген мақаласын жариялады.

Аурудан кейін антиденелердің жоғары титрі болғанына қарамастан, мен екі компонентпен вакцинация алдым. Вакцинациядан кейін және қазір өзімді жақсы сезінемін. Мен ауырып, табиғи иммунитетке ие болған адамдарға да вакцинациядан өтуді ұсынамын.

Вакцинация - бұл қажет, ол өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың, пандемияны тоқтатудың жалғыз тәсілі.


Соңғы жаңалықтар