Қарағанды облысында көпқабатты үйлерде лифтілер жаңартылып жатыр

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының қалаларында лифт шаруашылығын жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларындағы көпқабатты үйлерде 53 көтергіш орнатылды. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасады. Облыс орталығында биыл 25 лифтті ауыстыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл құжат халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін арттыруға, желілер мен тазарту құрылыстарын жаңғыртуға бағытталған. Сондай-ақ жоба тұрғын үй қорына қатысты шараларды қамтиды: қасбеттерді, шатырларды, лифтілерді жөндеу, апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзу.

«2023 жылға арналған жоспарда сумен жабдықтау қызметтеріне халықтың қолжетімділігін қалаларда – 98,8%, ауылдарда 93,7% дейін жеткізу көзделген. Сумен жабдықтау желілерін салу және реконструкция бойынша 15 жоба жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 200-ден аз халқы бар ауылдарда суды блок-модуль арқылы тазарту кешендері орнатылатын болады», – деді энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Қайрат Бегімов.

Оның айтуынша, биыл жылумен жабдықтау саласында тоғыз жоба жоспарланған. Оларды іске асыру желілердің тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылға дейін бұл салада 27 жоба жоспарланған.

Қарағандыда 1979 жылы салынған тазарту құрылыстарын қайта жаңарту қажет. Жоба 2024–2026 жылдарға жоспарланған. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту тұжырымдамасы сонымен қатар үйлерде жылу және суды есепке алу құрылғыларын орнатуды ұлғайту көзделіп отыр. 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 100% жетуі керек.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инженерлік желілер мен жергілікті жылу көздерін техникалық тексеру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Сондай-ақ, энергия объектілерін тексеру қажеттілі туралы айтып өтті.

Фото: Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар