Қарағанды облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

None
None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жалғасуда. Бұл, қазіргі таңда басым бағыттардың бірі болып табылады. Сәтбаевта 15 көпбалалы отбасы қоныс тойын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтерлерді өз қызметкерлеріне «Қазақмыс» корпорациясы беріп отыр.

«Мемлекет басшысыны тапсырмасымен көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударылуда. Тамыздың соңында біздің қалада 22 көпбалалы отбасы пәтер кілтін алды. Бұл Конституция күніне орай тамаша сыйлық болды. Ал бүгін біз «Қазақмыс» корпорациясы жиһазбен және ыңғайлы өмір сүруге қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген 15 төрт бөлмелі пәтерді осы өндіріс ошағында жұмыс істейтін көпбалалы қызметкерлеріне сатып алғанына куә болып отырмыз», - деді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов жаңа пәтер иелеріне кілттерді табыс ету салтанатында.

Барлық пәтерлер Шаталюк көшесіндегі жаңа бес қабатты үйде орналасқан. Бұл - дүкен және мектеп орналасқан ыңғайлы шағынаудан. Сонымен қатар бұл жерде жаңа балабақша мен Оқушылар сарайы салынып жатыр.

Қала әкімі компания басшылығына көпбалалы отбасыларға көңіл бөліп, жағдай жасап жатқаны үшін алғысын білдірді. Пәтер кілттерін «Қазақмыс» корпорациясының даму жөніндегі директоры Бахтияр Қырықпышев табыс етті.

Қоныс тойын тойлаушылар арасында бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке бар. Сонымен қатар жаңа пәтер сегіз баласы бар отбасына берілді.


Соңғы жаңалықтар