Қарағанды облысында көлікпен жүруге электронды рұқсат талап етілмейді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 4 мамырдан бастап Қарағанды облысының Теміртаудан басқа елді мекендерінде электрондық рұқсатнама күшін жояды. Бірақ қала ішінде ғана кедергісіз жүруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладан шығу үшін бұрынғысынша электрондық деректер базасында мәліметтердің болуы талап етіледі. Облыс қалалары мен аудандары арасындағы блок бекеттер өз жұмысын жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, 4 мамырдан бастап Қарағанды облысында, Теміртаудан басқа қалалар мен аудандарда халыққа қызмет көрсететін бірқатар нысандар жұмысын қайта бастайды.

Олардың қатарында шаштараз мен сұлулық салондары (алдын ала жазылу бойынша), ақша айырбастау пункті, ауданы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес дүкендер, фотосалондар, гүл дүкендері, газет дүңгіршектері бар.

Алдын ала жазылу бойынша стоматология кабинеті мен клиникалар жұмыс істей алады. Микроқаржы және сақтандыру ұйымдары, жарнама агенттіктері, жылжымайтын мүлік компаниялары, баспаханалар, ломбардтар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кәсіпорындары, жеке сот орындаушылары, заңды және нотариалдық кеңселер қызметін қайта іске қосады. Далада жеке спорттық сабақтар мен жаттығуларға рұқсат етіледі.

29 сәуірде Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында карантиндік шараларды жеңілдету туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар