Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталып кетті
Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері аппараттық кеңесте талқыланды.
Облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов материалдық-техникалық құралдар қоры жайында баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 80 мың тоннаға жуық инертті материал мен 63 мың қап дайын тұр.
Бүгін Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің бассейндерінде қар өлшеу бойынша алғашқы аралау жұмыстары басталды.
«Өңірлер мынаған ерекше назар аудару қажет: біріншіден – арықтардың, науалардың және нөсерлі кәріздердің жай-күйіне, оларды алдын ала тазартуды ұйымдастыра отырып, оның ішінде жеке аумақтар мен су өткізгіш арықтарды, науаларды қардан, қоқыстан тазарту бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, екіншіден – елді мекендер мен объектілердің айналасында немесе бойында қар траншеяларын жасау жұмысын ұйымдастыру», – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне, сондай-ақ құзырлы мекемелерге тапсырма берді.
Олар су бұру және нөсер кәріз жүйелерін уақтылы дайындауға, гидроқұрылыстардың жұмысын бақылауға, автожолдардағы ахуалды бақылауға қатысты.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі