Қарағанды облысында кеншілерге ипотека беру жалғасып жатыр

None
Фото: Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтердің тұрғын үй жағдайын жақсарту жалғасып жатыр. Екінші жыл қатарынан олар үшін арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Бұл - облыс әкімдігі мен «Отбасы банктің» бірлескен жобасы. Аталмыш бағытқа облыс әкімдігі 1 млрд теңге бөлді, банк 500 млн теңге берді. Биыл 75 отбасы пәтер сатып ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болашақ қоныстанушыларға сертификаттарды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Отбасы Банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова табыс етті.

«Екінші жыл қатарынан «Отбасы банкпен» бірлесіп, біз кеншілер мен металлургтерді жеңілдікпен ипотекалық несиелендіруге сертификаттар береміз. Бағдарламаға қатысушылардың тізімін өткен жылдағыдай «АрселорМиттал Теміртау» көмір және болат департаменттерінің кәсіподақтары құрды. Бүгін «Отбасы банк» алғашқы тұрғын үй қарыздарын мақұлдады. Биыл кем дегенде 75 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Біз осы бағытта «Отбасы банкімен» жұмыс істеуді жалғастырамыз. Сонымен қатар, облыста 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Географияны да кеңейттік – Балқаш, Саран, Теміртау қалалары да кіреді. Әрі қарай моноқалалардағы жас мамандар мен жұмысшы жастарды ипотекамен қамтимыз», - дейді Ермағанбет Бөлекпаев.


«Қарағанды облысы туралы айтатын болсақ, қазақстандық батыл шахтерлер мен металлургтердің бейнелері көз алдымызға келеді. Бұл - еңбек адамдары. Біз кәсіподақтарға іріктеу өткізгені үшін алғыс айтамыз. Әрине, жергілікті жерде, шахтада әр адам кімнің баспанаға мұқтаж екенін, кәсіпорын қай жұмысшының жағдайын жақсартуға ниетті екенін жақсырақ біледі. Қарағанды металлургия комбинатының басшылығы бағдарламаға қатысып, қосымша ресурстар бөледі деп үміттенеміз», – дейді Ләззат Ибрагимова.

Несие 15 жылға дейін жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Биыл қарыздың ең жоғары сомасы 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Пәтерді Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск және Теміртауда бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады.


Жеңілдетілген ипотекаға қатысушыларды көмір және металлургия ұйымдарының кәсіподақ комитеттері анықтады.

«Тентек» шахтасының АМЖУ бастығының орынбасары Артем Вожжовты жұбайы мен екі баласы қолдады.

«Шахтада шамамен 8 жыл жұмыс істеймін. Ата-анаммен бірге тұрдық, енді өз баспанамыз болады. Шахтинск қаласында үш бөлмелі пәтер табылды. Балалармен еш уайымсыз кіріп, әрі қарай тұра беру үшін жөндеуден өткен пәтер табуға тырыстық. Бағдарлама жақсы. Оны балаларымыздың болашағына уайымдамауымыз үшін жалғастыру керек», – деп бөлісті Артем Вожжов.

2022 жылы кеншілер мен металлургтер үшін тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 1,7 млрд теңге бөлінді.

134 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алды.


Соңғы жаңалықтар