Қарағанды облысында қатты аязда үсікпен ауруханаға түсетіндер көбейген

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында аяз күшейіп тұр. Оның үстіне жер тайғақ. Далада жүргенде үсік алмау үшін не істеу керек, қалай сақтану қажет - осының бәрін мамандар түсіндіріп берді.

Синоптиктердың айтуынша, Қарағанды облысының кейбір аумақтарында ауа температурасы –39-ға дейін түседі. Бұған солтүстіктен жеткен антициклон себеп.

Болжам бойынша бұл қақаған аяз бірнеше күнге созылады. Қазір ауа температурасы күндіз -26, ал түнде -36 градусқа дейін жетіп тұр.

«12 қаңтарда ауа температурасы -34-39 болады. Облыстың оңтүстігінде -30 градус аяз тіркелген. Күндіз -18-23. Облыстың шығысында 26 градус аяз. 11-12 қаңтар аралығында Қарағандыда жауын-шашынсыз ауа райы, ауыспалы бұлттылық күтіледі. Түнде -33-35. Ал күндіз 25-27 суықты көрсетеді», - дейді «Қазгидромет» метеопроболжам бөлімінің бастығы Анастасия Грязнова.

Аязды күндері сақтық шараларын ұмытпаған жөн, дейді дәрігерлер мен құтқарушылар.

Әсіресе бұндай күндері алкогольдік ішімдікті шамадан тыс қабылдап, далаға шығу аса қауіпті.

Себебі масайған адам өзінің тоңғанын сезбейді екен.

«Егер адам шамадан тыс ішімдік ішсе, оған ұзақ уақытқа далада жүруге болмайды. Алкоголь тамырларды кеңейтіп жібереді. Сол себепті дене жылуды көп ұстай алмайды. Ал адамға аяз кезінде қызу жетіспесе, дене жылдам тоңады», - дейді Х. Мақажанова атындағы клиниканың ахуалдық орталығының басшысы Ерік Шонбаев.

Әдеттегідей, аязды кездерде аяқ-қолын үсік шалған науқастар саны артады. Көбіне ауруханаға үсікпен үй-күйі жоқ адамдар түседі екен.

Арасында баспанасы барлар да кездеседі. Өкінішке қарай, олар дәрігер көмегіне уақытынан кеш жүгінеді екен.

Салдарынан дене мүшелерін ампутациялауға тура келеді.

«Өкіншіке қарай, қалай ескертсек те аязды күндері үсік шалған адамдар біздің стационарға толып кетеді. Ескертуіміз далаға кетіп жатқан секілді. Бір-екі күн бұрын күн жылып, соңыра аяз көтерілгеннен көшелерді мұз басты. Ол да жаман. Құлап жарақат алғандар да баршылық. Ондайда өз-өзіңізді емдеуге тырыспаңыздар. Дереу маманға жүгіну қажет. Себебі салдары ауыр соғуы мүмкін», - дейді дәрігер.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға ұзақ уақыт далада жүрмеуді ескертеді. Ал көлік иелерінен алыс сапарға шықпауын сұрайды.

«Егер жолға шыға қалған болсаңыздар, көп мөлшерде азық алыңыздар. Майшам мен жылы киім алып жүру қажет. Егер көлік қарда тұрып қалса, адам сол көлік ішінде қалуы керек. Сол жерде тірі қалу мүмкіндігі жоғарырақ болады. Біз міндетті түрде жетеміз. Шама келгенше көліктің қозғалтқыш жағын желден алып, ықтау жаққа қойыңыз. Сонда жағармай үнемделеді», - дейді Қарағанды облысы ТЖД басқарма бастығы Нұржан Жақатаев.

Арқадағы аяз қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз.

«ҚазАвтоЖол» дерегінше, ауа райының нашарлауына байланысты (температураның төмендеуі, қатты аяз) 10 қаңтар 20.00-ден бастап республикалық маңызы бар авто жолдардың келесі учаскелерінде қоғамдық және дизельді автокөліктер үшін қозғалыс шектелді:

1. «Екатеринбург – Алматы» (1353-1426 км, Анар станциясы – Теміртау қаласына дейін);

2. «Екатеринбург – Алматы» (1426-1446 км, Теміртау ПВП – Теміртау қаласына дейін);

3. «Қызылорда – Павлодар» (762 - 906 км, Атасу кенті – Топар кенті);

4. «Екатеринбург – Алматы» (1492-2005 км, Қарағанды қ. – Жамбыл облысымен шекаралар);

5. «Қызылорда – Павлодар» (967 - 1135 км, Қарағанды қ. – Павлодар облысының шекарасы);

6. «Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» (51-266 км, Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласы);

7. «Қарағанды – Аягөз-Бұғаз» (17 – 320 км, Қарағанды қ. – Абай облысының шекарасы);

8. «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» (231-324 км, Павлодар облысының шекарасы – Ботақара кенті);


Соңғы жаңалықтар