Қарағанды облысында карантин талабын қандай нысандар жиі бұзады
«Карантин талаптарын бұзудың 50% астамы дүкендерде, сауда орталықтарында және базарларда анықталды. Түнгі клубтарда, дәмханаларда, мейрамханаларда, компьютерлік клубтарда, букмекерлік кеңселерде – 15%. Негізгі бұзушылық – келушілерге қызмет көрсететін персоналда жеке қорғаныс құралдарының болмауы. Сондай-ақ, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен белгіленген жұмыс уақытының шектеулерін сақтамау фактілері анықталды», - деп хабарлады Жедел әрекет ету орталығынан.
Мобильді топтар БАҚ-тың қатысуымен кешкі тексерістер өткізеді. Қараша айының соңында үш рейд барысында 60 нысан – ірі сауда үйлері, түнгі клубтар мен мейрамханалар тексерілді. Жеті бұзушылық анықталды.
Екі тамақтану орнында термометрия жүргізілмеген, қызметкерлер қолғапсыз жұмыс істегені белгілі болды. Лаундж-барлардың бірінде кальян қолданылғаны анықталды. Тыйым салынғанына қарамастан, кафелер мен мейрамханалар дискотекалар ұйымдастыруын жалғастыруда. Сондай-ақ, мобильді топтар түнгі 00.00-ден кейін заңсыз жұмыс істеген екі мекемені анықтады.
Сондай-ақ Қарағандыда «Күнгей» шағынауданында орналасқан коттедждердің бірінде үйлену тойы өткізілген. Тойға 60-қа жуық адам қатысқан. Жаппай іс-шараға үй-жай берген коттедж иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.