Қарағанды облысында қаңтар айында 57 мың шаршы метр баспана тапсырылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қаңтар айында Қарағанды облысында 57.2 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Бұл туралы облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жылдың бірінші айында аймақта 10.3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй және 34,4 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы 13 мың шаршы метр мемлекеттік сектордағы тұрғын үйге тиесілі.

«Биыл құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі 5 млрд теңге. Бұл көрсеткіштерге біз «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы есебінен қол жеткіземіз. Биылғы жылы Сәтбаев қаласында 5 бес қабатты тұрғын үй құрылысы, облыстық маңызы бар автожолдарды қайта жаңарту, жолдарды күрделі және орташа жөндеу, Кешенді құйма зауытының, патрондық зауыттың құрылысы және тағы басқалар жоспарланған», - деп атап өтті Азамат Мұқанов.

Қазіргі мәлімет бойынша, биыл өңірде өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы өсімі күтілуде. Болжам бойынша, өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 110 пайыздан кем болмайды. Түсті металдар кендерін өндіру 20%-ға, сондай-ақ болат өндіру 92,7%-ға және мыс өндіру 7,2%-ға өсуі есебінен ұлғаяды. Тау-кен өнеркәсібінде жоспар бойынша өсім металл кендерін өндіру есебінен 10% құрайды.

Өңдеу өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, фармацевтика және машина жасау саласындағы көрсеткіштің артуы күтілуде.

Ауылшаруашылығында өндіріс көлемі мал шаруашылығы өнімінің үлкен көлемі есебінен 101% құрауы тиіс. Сиыр саны 2,8%-ға өсіп, 565 мың басқа жетеді деп күтілуде. Жылқы 5,2 пайызға өседі, бұл 317,6 мың басқа тең болады. Құстар 1,4%-ға артады. Соның арқасында жылдық ет өндірісі 9,8 мың тоннаға, сүт 10,2 мың тоннаға, жұмыртқа 60,1 млн данаға жетеді.

Биылғы жылы дәнді және бұршақты дақылдар 895,5 мың га алқапқа егіледі, бұл 2019 жылғы деңгейден 3,7%-ға артық. Майлы, көпжылдық және біржылдық шөптер 87,7 мың га аумақты алады. Картоп 16 мың гектарға, көкөніс 3 мың гектарға отырғызылады. Бұл көрсеткіштердің барлығы өткен жылғымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.


Соңғы жаңалықтар