Қарағанды облысында із-түзсіз жоғалған ер адамның көлігі табылды
Осыған дейін хабарланғандай, 10 сәуір күні сағат 03:00-де Нұра ауданында ер адам жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Өтініш берушінің айтуынша, 8 сәуірге қараған түні 1958 жылы туған ер адам Кәрім Мыңбаев ауылынан Тассуат ауылына автокөлікпен шығып, межелеген орынға жетпеген. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнында ТЖД, полиция және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақ тартылды.
Қарағанды облысының полиция департаменті жоғалған шаруа қожалығының басшысын іздестіру бойынша құтқару іс-шараларының нәтижелері жайлы мәлімдеме берді.
Нұра ауданының 62 жастағы тұрғыны автокөлігімен аудан орталығына қарай бет алған, содан кейін ер адамды ешкім көрмеген.
«Аталған факті бойынша іздеу-іздестіру шаралары бірден басталды. Оған полицейлерден басқа Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еріктілер де қатысуда. Қазіргі уақытта хабар-ошарсыз кеткен ер адамның көлігі табылды. Іздестіру шаралары жалғасуда», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.