Қарағанды облысында инфекциялық бағыттағы 20 медициналық мекеме жұмыс істейді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында қосымша ПТР-зертханалар, провизорлық стационарлар мен пульмонологиялық госпитальдар ашу үшін шаралар қабылдануда. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Сарыарқа» телеарнасының тікелей эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір ауруханаларындағы төсек саны 4 200-ге өсті. Қарағанды облысында барлығы 20 инфекциялық бейіндегі медициналық нысан және 14 пульмопровизорлық госпиталь жұмыс істейді.

«Инфекциялық бөлімшелердегі жүктеме 81%, провизорлық бөлімшелердегі жүктеме 79% құрайды. Мысалы, Қарағанды бойынша бүгінгі күні жұқпалы аурулар стационарларында 1 264 төсек бар, оның 141-і бос. Провизорлық стационарларда барлығы 720 төсек, бос - 118 төсек бар. Дегенмен, біз жұқпалы және пульмопровизорлық төсек санын арттыру бойынша шаралар қабылдаймыз», - деді аймақ басшысы.

Қарағандыда 350 орындық пульмопровизорлық госпиталь ашылуға дайын. Ол компьютерлік томографпен және тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеуге қажетті медициналық газ берудің заманауи жүйесімен жабдықталған.

Жезқазғанда жақын арада 350 орындық провизорлық стационар жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұнда 250 төсекке шақталған инфекциялық госпиталь пайдалануға беріледі.

Балқашта да 100 төсектік пульмопровизорлық стационар ашылады.

Облыстың басым бағыттарының бірі ауруханалар мен госпитальдарды техникалық жабдықтау болып табылады. Соңғы аптада 47 ӨЖЖ аппараты, әрқайсысы екі пациентке арналған 160 оттегі концентраты және 146 пульсоксиметр сатып алынды.

«Қазір қосымша 80 ӨЖЖ аппаратын және 1 200 оттегі концентраторларын, 500 пульсоксиметрлерді, 16 сандық рентген - аппаратты, 3 дана орталықтандырылған медициналық газдармен қамтамасыз ету жүйесін және басқаларын сатып аламыз», - деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Облыста тәулігіне 3 мың талдау шығаратын үш ПТР-зертхана (екеуі Қарағандыда және біреуі Жезқазғанда) жұмыс істейді. Осы аптаның соңында Теміртауда ПТР зертхана жұмысын бастайды, тамыз айында Балқашта ашылады.

Өңірде 16 компьютерлік томография кабинеті бар. Осы аптада Қарағандыда тағы бір компьютерлік томографты орнату аяқталады. 20 шілдеге дейін Шахтинскіде іске қосылады. Облыста қазан айына қарай барлығы 21 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеуі тиіс.

Облыста эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты 27 жаңа жедел жәрдем бригадасы жолға шықты. Шақыруға барлығы 122 көлік шығады.

«Қазір мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ауруларды халық емімен және басқа да баламалы әдістермен емдеу бойынша көптеген дәйексіз ақпарат таратылуда. Айта кету керек, ауыр ауруларды емдеу, антибиотиктерді тағайындаумен тек дәрігерлер ғана айналыса алады. Өзін-өзі емдеу өлімге дейін әкелуі мүмкін», - деп атап өтті облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар