Қарағанды облысында газ баллоны жарылып, екі көлік өртеніп кеткен

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 14 рет құтқару жұмысына шықты. Өңір бойынша алты өрт ауыздықталды. Салдарынан бір адам көз жұмып, екі көлік толықтай жанып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД мәлімдегендей, от шарпыған ғимараттардың басым бөлігі – жеке үйлер.

Өрт сөндірушілер Осакаров ауданы, Теміртау, Приозерск қалаларында тілсіз жаумен күрескен.

Қарағанды қаласында өрт сөндіру кезінде газ баллоны жарылып, екі автокөлік жанып кеткен.

«Қарағанды қаласы Балқаш көшесінде жеке тұрғын үйдің ағаш жабыны, төбесі, қалқалары, терезесі, есік блоктары, жиһаздары мен тұрмыстық заттары, сонымен қатар гараждың едені, ішінде екі автокөлік - жалпы ауданы 280 шаршы метр аумақ жанды. Өртті сөндіру кезінде газ-ауа қоспасы шығып, кейін гараж ішіндегі газ баллоны жарылған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп мәлімдеді ведомствода.

Шахтинск қаласында болған өрт салдарынан бір адам көз жұмды.

«Шахтинск қаласы Долинка ауылында жеке тұрғын үйдің ағаш жабындысы, төбесі, қалқалары, терезесі, есік блоктары, сонымен қатар ішкі үй жиһаздары, жалпы алаңы 80 шаршы метр аумақ жанып кетті. Өрт орнынан 1985 жылы туған пәтер иесінің мәйіті табылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар