Қарағанды облысында елорда күндері басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың 20 жылдығына орай Қарағанды облысында елорда күндері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елорданың Мәдениет және спорт басқармасының мәліметінше, астаналық шығармашылық ұжымдар әзірлеген бағдарлама тосын сыйларға толы әрі қызықты болады. Көрмелер, концерттер, Open Air және цирк шоуы өткізіледі.

Өнерпаздар «Горняк» мәдениет сарайының сахнасында өнер көрсетеді. 21 маусымда сағат 15.00-де фойеде «Ақ тілекпен, Астана!» атты көрменің ашылуы өтеді. Еліміздің жартысын аралап шыққан экспозицияда 50 отандық суретшінің 100-ден аса еңбегі көпшілік назарына ұсынылады.

Гастрольдің бірінші күні Қарағанды тұрғындары «Астанадан ақ тілек...» атты гала-концертті тамашалайды. «Шалқыма» халық биі ансамблі, эстрадалық би ансамблі классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері, сонымен қатар Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі елордадан музыкалық сәлем жеткізеді. Кеш қонақтарына тағы да бір тарту жасалады - сахнада Қайрат Нұртас, Клара Төленбаева, Асқар Жайлаубаев, Күләйым Қайырбаева, Di-ArtStyle триосы, Адам, Индира Расылхан, Алмас Кішкенбаев, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы өз әндерін шырқайды.

Концерттің басталуы сағат 17.00-де.

Ал бірнеше сағаттан кейін 20:00-де Қарағанданың Орталық саябағында ашық аспан астында «Астанадан ақ тілек...» Open Air концерті өтеді. Бұған дейін гала-концертте өнер көрсеткен танымал артистерге Дос, «Suraya» дуэті, Ринат Малцагов және елордалық диджейлер қосылады. Бұл күні қарағандылықтардың көңіл-күйі көтеріңкі болмақ.

Келесі күні «Наз» мемлекеттік би театры «Елімнің жүрегі - Астана!» бағдарламасын көрермендер назарына ұсынады. Артистер қазақ халқының дәстүрлі биінің нәзіктігі мен әсемдігін жеткізетін өздерінің үздік хореографиялық композицияларын орындайды. Ал керемет музыка, ашық көркемдік декорациялар мен әдемі костюмдер концертті көріктендіре түспек. 

Бұдан басқа, астаналық цирк «С любовью, Астана!» бағдарламасын қояды. Екі күн бойы қарағандылық цирк күмбезінің астында әуе гимнасттары, сигвейдегі эквилибристтер, үйретілген аңдар, иллюзионисттер, сондай-ақ көңілді сайқымазақтар өнер көрсететін болады. Шоу сағат 16.00-де басталады.

Айта кетейік, елордалық шығармашылық ұжымдар өңірлерде өткізген барлық шаралар тегін және оларды бәрі де көре алады.

Астана қарағандылықтар үшін мәдени бағдарламадан басқа спорттық шаралар да өткізбек. Спортқа әуес жандар гандболдан  2001 жылға дейін және сол жылы туған жасөспірімдер арасындағы матчтық кездесулерді тамашалай алады. Турнир 22 маусымда сағат 10.00-де басталады. Жарысқа 12 спортшыдан құралған, жаттықтырушылары мен бір өкілі бар командалар қатысады. Ойыншылар мен жеңімпаздар дипломдармен және грамоталармен марапатталады. 

Соңғы жаңалықтар