+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Қарағанды облысында Елбасының еңбек жолына арналған халықаралық конференция өтті

2020 жылғы 3 шілде 17:21
Бөлісіңіз:
Қарағанды облысында Елбасының еңбек жолына арналған халықаралық конференция өтті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Алғаш еңбек жолын Теміртауда бастап, құрыштай қайнап шыныққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қадамының да сәтімен болуы тікелей Қарағанды қаласымен тығыз байланысты. Енді тарихи тағдыр талайы бұлай болған соң, Тұңғыш Президенттің мерейтойы мен еңселі Елорда күні қарсаңында өзінен түлеп ұшқан Көшбасшы һақында Қарағанды топырағы, көзкөргендер жақ ашпай қалсын ба?

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің жүргізуімен мұнда онлайн режимде дөңгелек үстел өтіп, онда Елбасымен еңбек жолында тізе түйістірген серіктестері естеліктерімен бөлісті.

Аймақ басшысы алғашқы сөзінде: «Бүгін біз Қазақстан магниткасының – 60, Теміртау қаласының – 75 жылдығы, сондай-ақ, Елорданың мерейтойымен тұспа-тұс келетін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойы қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл мерекелердің қай-қайсы болсын егемен еліміз үшін аса маңызды. Сондықтан да баршаңызды шын жүректен мерейлі мерекемен құттықтаймын.

Қазақстандықтармен қатар мұнда Елбасының оқу-тәжірибе жинау жолында табаны тиген Ресей мен Украина жерлерінен қосылып отырған азаматтарға еселеп алғыс білдіремін» –, деп атап өтті.

Бұдан әрі Ж.Қасымбек бүгінде Тұңғыш Президенттің өмірбаянын зерттеп жүрген, Елбасының туған топырағы Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Қадыр Тілеубергенұлына сөз берді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың туған топырағы, өскен ортасы және туған жері Шамалғандағы Тұңғыш Президенттің өмір жолынан сыр шертетін «Атамекен» жәдігерлерінен тың деректер ұсынды.

Елбасының өмір жолында Украина, ондағы Дзержинскі училищесінің алатын орны ерекше. Онда бірге оқыған достары мен серіктерін сағынышпен еске алып отыратыны белгілі. Көшбасшымызды украиндықтар қалай еске алады екен? Сол мақсатта онлайн дөңгелек үстелге Украинадағы Каменский жоғары техникалы училищесінің директоры Вадим Неклесе қосылып, жалынды сәлемге толы ыстық лебізімен бөлісті. Олар, аталған училище ұжымы, кезінде мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оқығанын мақтанышпен айтатындықтарын жеткізді. Және қандай естеліктер қалдырған соңына Елбасы? Сол кездің өзінде даралығымен көзге түскен. Мәселен, сол 1960 жылдардағы газет қиындысында училищеде қазақ студенттері оқитыны айтылып, Нұрсұлтан Назарбаев есімі ерекше аталғанын және суретімен берілгенін әрі жоғары шәкіртақы алып тұрғаны жазылғанын жеткізді. Сонымен қатар мұнда Елбасымен бірге Қабидолла Сарекенов есімі мен суреті жарияланғанын құрметпен атады Вадим Викторович.


Аймақ басшысы бұдан кейін сөзді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовке ұсынды. Ардагер металург һәм мемлекеттік қызметші Елбасы, Қабидолла Сарекенов үшеуінің Теміртауда таныстығынан бастап, ең алғаш Домна пешінен шойынды қалай ағызғандарын әңгімелеп, қызықты естеліктерді қаперледі. «Біз үшеуіміз танысқан күннен бірге жүріп-тұрдық. Горновойшы-металург қызметін бірге бастап, жалынына күйіп, жатақханада бірге жаттық. Қоғамдық қызметтерге араластық, жоғары оқу орнында да қатар оқыдық. Арамызда Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі алда жүретін. Қарапайым қызметшіден Президент дәрежесіне көтерілген ол кісінің қайраты мен табандылығы қайталанбайтын ерлік» деді ол сөз арасында.

Қабидолла Сарекенов те таңғажайып сырларды ақтарды. «Шойын балқыту үшін 100-ден астам цехы бар Қарағанды металургия зауыты жұмыс істеді. Парткомның жап-жас хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы жиналыс өткізеді. 1961 Хельсинкіге студент жастардың фестиваліне барғанда, ол кісінің жұлдызы жана түсті. Келісімен барлық қызметкерлермен кездесу өткізіп, шаруаны ұршықша иіріп әкетті. Техникалық жұмыстардың тамырына қан жүгірту жағына көбірек мән берді. Әр уақытта еңбек адамдарына көңіл бөлетін» деді.

Бұл кісілерден кейін Қазақстан магниткасының ардагері, кезіндегі инженер-новатор Эдуард Миникес, Қазақстан және Ресей мемлекет қайраткері, кезіндегі комбинаттың жетекшісі, Теміртау жұртшылығы үшін аты аңызға айналған Олег Сосковец, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Нұрхан Серкебай, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Мұрат Ибатов, Қарағанды мемлекеттік индустрия университетінің ректоры Бақыт Жәутіков, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ директорының міндетін атқарушы Вадим Басин сөйлеп, Елбасының еңбектегі, мемлекеттік қызмет жолындағы қайталанбас тұлғасын тілге тиек етті. Әсіресе, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Мұрат Ибатов Елбасының еңбек жолын ғылыми сараптап, пайымды пікір білдірді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT