Қарағанды облысында егіз құтқарушылар қызмет етеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өрт сөндіруші мамандығында «кездейсоқ адамдарды» табу өте қиын. Өйткені олардың қызметі батылдықты, өжеттілікті талап етеді.Бұл - өзгенің өмірін ажалдан арашалау үшін кейде өзін құрбан ететін мамандық.Әдетте бұл қызметте бір отбасының бірнеше мүшесі жұмыс істейтіні таңсық емес, алайда егіздердің бір салада қызмет атқаратыны өте сирек.Ендеше, Қарағанды облысының гарнизонында егіз құтқарушылар жұмыс істейді. Ол - Шәкірат отбасындағы Сабит пен Ғабит және Тұрсынхановтар отбасының Жандос пен Ердос есімді егіз ұлы.

Ағайынды Сабит пен Ғабит

Қарағанды облысы Ұлытау ауданына қарасты Жезді ауылында 1988 жылы 2 наурызда дүниге келген.

Бір балабақшада тәрбиеленіп, бір мектепте білім алып,Жезқазған индустралды-гуманитарлық колледжінде бір мамандықта оқып,

тіпті бір әскери бөлімде азаматтық борыштарын өткерген егіздер бүгінгі күні бір салада қызмет атқарып жүргендері де өздері үшін таң қаларлық емес.

Себебі олар үнемі бірге жүріп үйреніп қалған.

Шәкірат Сабит алғашқы қызметін 2012 жылы Жездіде өрт сөндіруші болып бастады. 2015 жылдан бастап Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №31 өрт сөндіру бекетінде бөлімше командирі қызметінде.

Ал, Шәкірат Ғабит бұл қызметке Сабитке қарағанда екі жыл бұрын келген. №48 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып бастап, бөлімше командирі лауазымына дейін жоғарылаған. Кейін 2016 жылы Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының ТЖ бөліміне инженер қызметіне ауысады. 2019 жылдан бастап аға инженер лауазымында. 2014 жылы үйленіп, қазір бір

қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке.

Екеуіне мамандық таңдауға үлкен ағалары көмектескен. Адамдардың көбі ажырата алмағандықтан шатастыратынын айтады. Бір-бірлеріне қатты ұқсайтыны соншалық, мен де сұхбаттасу барысында айырмашылық таба

алмадым. Тіпті мінездеріне дейін бірдей, салмақты. Сабит Ғабиттен 10 минутқа үлкен.

-Ағаңыз құтқаруға шыққанда, сіз сезесіз бе?

Сабит: Бұрынан бар ондай қасиет егиздерде. Қатты болмасада болады ондай арасында.

Ғабит: Шамалы сезім болады.

-Кім тамақты жақсы дайындайды?

Сабит: Тамақ дайындауды онша ұната коймаймыз. Жасау білемін, бірақ жасай қоймаймын.

Ғабит: Екеумізде де орташа, әкетіп бара жатқан шеф-поварлар емеспіз.

-Бауырыңызды сипаттап беріңізші?

Сабит: Ғабит бала кезінен маған карағанда ширақтау, сабырлы.

Ғабит: Сабырлы, салмақты, тиянақты, адал, ақ көңіл, ұқыпты, еңбекқор

-Сөйлемді жалғастырыңыз «Мен бауырым үшін...?»

Сабит: Жанымды беруге әзірмін.

Ғабит: Барлығына дайынмын.

Сұхбаттасу барысында Сабиттің бойдақ екенін білдік.

- «Егер бір үйдің егіз қыздары болса, танысуға қарсы емеспін»-дейді қалжыңдап.

Ағайынды Жандос пен Ердос

1990 жылы 6 сәуірде Қарақаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінде дүниеге келген.

Жандос пен Ердос та бір сыныпта оқып, 2010 жылы Қарағанды политехникалық колледжінде «автомеханик» мамандығын алып шықты.

Ердос Отан алдындағы борышын өткеріп келген соң, алғаш жұмысқа 2014 жылы Қарағанды қаласындағы Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №6 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші қызметіне кірді. Жандос егізінен төрт жылдан соң Шахтинск қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып тұрды.

Қазір егіз бауырлар Қарағанды қаласындағы №8 және №13 өрт сөндіру бөлімдерінің азаматтық қорғау саласында қызметте. Айта кетер жайт,бір қызметте жүрсе де өрт қоңырауларында бірге шыққан емес.

Екуі де өмірде серік болар жарларын жолықтырып, өз алдарына жеке отау құрған азаматтар.

-«Айырмашылығымыз - мен арықтау келгенмін, Ердос бойшаң және маған қарағанда денелі»,-деп бастады сұхбатты Жандос.

-«Ұқсастықтарымыз көп... Қай жерде болмасын қызметте, көшеде бізді бәрі шатастырады, кейде танымай жатсақ реніштерін білдіріп жатады»- дейді,

Жандос күліп.

Бұл салаға екеуі де адамдарға көмек көрсеткендікті ұнатқандықтан келді.

- «Меніңше, бұл ең алдымен өте қызықты жұмыс. Алғаш рет өрт болып жатқан жерге келіп, қызыл жалынмен арпалысу сәтін көрген кезде құлшынысың оянады, бәрі қызық көрінеді. Алайда, адамдарға

көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?»,- дейді Ердос.

Жандос Ердостан 11 минут айырмашылықта үлкен. Егіздер бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады. Себебі бұл салауатты өмір салты ғана емес, құтқарушы саласында жүргендіктен құтқарушы қызметі шапшаңдықты, ептілікті, мықты денсаулықты қажет етеді.

-Ағаңыз құтқаруға шыққанда, сіз сезесіз бе?

Жандос: жоқ, сезбеймін.

Ердос: алаңдаймын.

-Бауырыңызды сипаттап беріңізші?

Жандос: ширақ, мінезді, иманды, көңілді.

Ердос: жұмсақтау, тік мінезді, бауырмашыл, қонақжай, балажанды адам.

-Сөйлемді жалғастырыңыз «Мен бауырым үшін...?»

Жандос: Бауырым үшін жанымды берем.

Ердос: Бауырым үшін барымды беремін.

Сұхбаттарыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар