Қарағанды облысында домбыраның құлағында ойнайтын орыс жігіті тұрады

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Саран қаласында қазақша ән шырқап, көпшілікті тәнті етіп жүрген орыс азаматы тұрады. Виталий Фалик қазақ әнін ғана емес қазақтың қолөнерін де насихаттап жүр.

Виталий Фаликтің әкесі орыс анасы кәріс. Өзі домбыраны қолына 15 жасында алған. Содан бері ұлттық аспаптан бір елі ажырамағанын айтады. Бүгінде қазақтың қара домбырасын серік еткен орыс жігіті талай той-думанның төрінен табылып жүр.

Виталий Фалик Шет ауданы Ортау ауылында туып, өскен. Анасы оны кішкентайынан туған жерін, елін құрметтеуге үйреткенін айтады.

Ол сонымен қатар қазақтың қолөнерін де меңгеріп, кәсібіне айналдырған. Бүгінде Виталий көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Сабақта күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды ағаштан ойып жасап, оны ою-өрнекпен әрлейді. Домбыра, қобыз тәрізді ұлттық аспаптарды жасауға қара ағаш үйеңкі таңдалса, тұрмыстық заттарды шағын бұйымдарды дайындау үшін теректі қолданған дұрыс, дейді ол.

Бірнеше өнер бойында тоғысқан шебер қазір ортеке жасап, оны ұлттық аспаптардың әуеніне қосып жүр. Арасында қолына қылқалам алып, сурет салатыны да бар екен. Айтуынша, әр туындының өз тарихы бар.

«Біздің мектептегі балалар спортқа жақын. Кейде ән айтып, домбыра тартамыз дегенде, «жоқ, біз қыздардың жұмысына араласпаймыз» дейтін. Содан бір күні ортеке жасап шығардық. Оны домбыра шертіп, секіртіп ойнап көріп еді, ұлттық аспапты қолына ұстап көрмеген балалардың өзі қызығып, домбыра үйірмесіне бара бастады», - дейді Виталий.

Виталий Фаликтің балалары қазақ мектебінде оқиды. Оның отбасындағылар қазақтың салт- дәстүрі мен жөн-жоралғысын берік ұстанады екен. Ол кезінде екі баласымен келген жалғызбасты анасын бауырына басып, қолдауын аямаған Ортау ауылының тұрғындарын қатты құрметтейді. Бүгінде өзі де жерлестеріне қолдан келген көмегін көрсетіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.


Соңғы жаңалықтар