Қарағанды облысында дәрігерлік амбулатория ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында ашылған жаңа дәрігерлік амбулатория Нұра ауданындағы Ахмет ауылының тұрғындарына қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Амбулаторияның құрылысына бір жылға жуық уақыт жұмсалды. Жұмыстар өткен жылдың күзінде басталып, маусым айының соңында аяқталды. Дәрігерлік амбулаторияда дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмесі, жалпы практикалық дәрігер, балалар дәрігері, акушер-гинеколог, қан алу және екпе салу бөлмелері бар. Сонымен қатар мұнда екі орындық күндізгі стационар да жұмыс істейді.

Дәрігерлік амбулаторияға 1876 адам тіркелген. Бұрын ауыл тұрғындары медициналық көмек үшін ауылдан 50 шақырымдық аудан орталығына баратын.

- Бұл біздің аудан тұрғындары үшін атаулы оқиға. Арнайы инфрақұрылым бір қадам жерде болуы керек. Біз енді ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ететінімізге қуаныштымыз,- деді ашылу салтанатында Нұра ауданы ОАА директоры Бақтыгүл Мұқышева.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 29 типтік дәрігерлік амбулатория және 1 ФАБ салынған. Биыл тағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы, атап айтсақ Қарқаралы ауданының Қарағайлы ауылы мен Нұра ауданының Шахтер ауылында аяқталады.

Соңғы жаңалықтар