Қарағанды облысында бос жатқан жерлер цифрлық жүйеге көшірілмек

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында пайдаланылмай тұрған 440,1 мың гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жер – басты байлығымыз. Оны, әсіресе бос жатқан жерлерді ел игілігіне тиімді пайдалану – бірегей міндет. Осы мақсатпен Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасы бос жатқан жерлерді бәсекелі ортаға ұсынады. 2020 жылдың I жартыжылдығында пайдаланылмай тұрған 440,1 мың гектар жер иелерінен алынып, олар қолынан іс келетін азаматтарға жалға берілді.

Оның ішінде, 7,4 мың гектар – егістік, 1,7 мың гектар – шабындық, 422,3 мың гектар – жайылымдар.

Жер кодексінде жалға алудың 5 жылға дейінгі қысқа және 49 жылға дейінгі ұзақ мерзімдері қарастырылған.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар агросектор саласын таңдаса, міндетті түрде шаруа қожалығын ашуы тиіс. Тек, сонда ғана, тиісті жер телімін шамамен 5 жылдан 49 жылға дейінгі аралықта жалға ала алады.

Содан кейін, аудан әкімдіктерімен келісімшарт жасасып, кәсібін дөңгелетуді бастайды. Жыл сайын сол келісімшарт бойынша жердің гектарына есептеп, жер салығын уақытылы төлеп отыруы тиіс.

«Егер, жалға алушы жерді дұрыс пайдаланбаса, салық мөлшері 10 есе артады. Алдымен жер телімінің иесіне ескерту жасалады. Одан соң арнайы комиссия келіп, тексереді де, кемшіліктерді жоюға уақыт береді. Ал, мұнан да нәтиже шықпаса, жер мемлекет иелігіне қайтарылады», – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Ақмарал Мұқашева.

2020 жылға арналған босалқы жерлерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын айналымға тарту жоспарының орындалуы осындай мақсат-міндеттерді қамтиды.

«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу» 35-қадамына сәйкес, 2020 жылы облыс бойынша бос жатқан жерлерден 643,2 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын айналымға тарту жоспарланған.

Биылғы жылдың 6 айы ішінде облыстық жоспар 68,4% орындалған.

Жоспардың орындалуы – әр ауданда әртүрлі. Бұл ауданның өзіне тән табиғи ыңғайлылықтарына байланысты. Мәселен, Абай ауданында 69% болса, Қарқаралы ауданында – 127%. Ал, Ұлытау ауданында 92%-ды құраса, Шет ауданында – 142%-ға тең. Жезқазған қаласында 240%-ға жетсе, Сәтбаев қаласында 100% болып отыр. Ал, Балқаш қаласында 96%-ды құраған.

2020 жылдың I жартыжылдығында облыста 103 шаруа/фермерлік қожалық құрылған.


Соңғы жаңалықтар