Қарағанды облысында бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар кімдерге беріледі

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биылғы жылы Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 50 мемлекеттік грант беру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конкурсқа 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы азаматтар, қандастар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар және мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бойынша мемлекеттік грант алу үшін Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау Бизнес» курсынан өту қажет.

«Бұған дейін бұл гранттар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін. Өткен жылы ол бағдарлама аяқталды. Бірақ мемлекеттен тегін грант алу мүмкіндігі қалды. Сонымен қатар, биыл грант сомасы 400 АЕК-ке дейін ұлғайды, бұл 1 225 200 теңгені құрайды», - деп атап өтті Бұқар жырау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Әбжанова.

Грант алу үшін үміткер Enbek.kz электрондық еңбек биржасына кіретін «Бизнес Еңбек» порталында тіркелу арқылы өтініш бере алады. Немесе кеңес алу үшін Жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну қажет.

Ботақара кентінде тұратын Алмагүл Асқарова өткен жылы 530 мың теңгеге грант алды. Ол білімі бойынша заңгер, бірақ әрқашан өз ісімен айналысуды армандаған.

«Мен «Бастау Бизнес» мектебінде оқып, грант жеңіп алып, үйде пиццерия аштым. Барлық қажетті жабдықтарды, тоңазытқыштарды сатып алдым. Қазір менің клиенттерім көп, күніне 30-дан 50-ге дейін пицца дайындаймыз. Кент тұрғындары да, жақын маңдағы елді мекендер де, түрлі ұйымдар да тапсырыс береді. Болашақта өз бизнесімді кеңейтіп, кафе ашқым келеді. Қазір біз жеткізу арқылы жұмыс істеп жатырмыз», - деді Алмагүл Асқарова.

Көпбалалы ана және үшінші топтағы мүгедек Алмагүл Шағдабай 2020 жылы 555 мың теңгеге грант алып, сүт өңдеу цехын ашты. Жазда аптасына ол шамамен 50 литр қаймақ шайқайды, 70 келіге дейін сүзбе мен басқа да өнімдер дайындайды.

«Мен Ботакарда тұрамын. Біздің отбасымыз өмір бойы мал өсірді. Қазір 15 сауын сиырым бар. Сүттен сүзбе, айран, құрт, май, ірімшік дайындаймын. 10-ға жуық өнім жасаймын, ауылда тұрақты клиенттерім бар. Сондай-ақ, өз өнімімді Қарағандыда сатамын. Мемлекет көпбалалы аналарға өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беретіні жақсы», – деп атап өтті Алмагүл.

Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары іске асырылуда. Оларға қатысушыларға еңбекақыны мемлекет субсидиялайды.

Ботақара кентінде алғашқы «Ұрпақтар келісімшарты» жобасын Татьяна Смаилова пайдаланды.

«Дипломды өткен жылы алдым. 23 жастамын, орыс тілі және оры әдебиетінен сабақ беремін. Бірден халықты Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Маған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуды ұсынып, Ю.Гагарин атындағы мектепке жіберді. Менің тәлімгерім – Балапан Розалина. Осы жобаның арқасында мен оның тәжірибесінен өтіп, көп нәрсені үйреніп, өзімді көрсете аламын», – деп бөлісті Татьяна Смаилова.

Үш жаңа жоба аясында Бұқар Жырау ауданында биыл 50-ге жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар