Қарағанды облысында биыл 7 мыңнан астам бала жазғы лагерде демалады

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін өңірде түрлі шаралар мен акциялар қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 маусымнан бастап Қарағанды облысының 172 мың оқушысы үшін демалыс басталады. Облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Балалар жазда ашық ауада көп уақыт өткізеді. Оларға барынша қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету қажет. Жолдардағы, су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Мүмкіндігінше көп балаларды мәдени-бұқаралық іс-шараларға тарту, оларды үйірмелер мен секцияларға жұмылдыру, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі туралы ата-аналармен әңгіме жүргізу керек», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

1 маусымнан бастап 172 мың оқушы үшін демалыс басталады. Оның 7 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері. Жазғы демалыспен және жұмыспен 150 мыңға жуық кәмелетке толмағандар қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 7 мыңнан астамы қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жіберіледі, ауыл мектептерінен 500 оқушы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен демалады.

Сондай-ақ, өңірде 5 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерлер ашылады. Облыста алғаш рет олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360 балаға арналған арнайы мектеп-интернаттар базасында жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, маусым айында өңірде «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» ауқымды профилактикалық акциялары өтеді.


Соңғы жаңалықтар