Қарағанды облысында биыл 630 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі - әкім

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында биыл 630 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңдағы маңызды міндеттердің бірі қолжетімді және сапалы тұрғын үй салу. 2019 жылы 421 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл тағы 630 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

«Бұл облыстың 3 мыңнан астам отбасының баспана мәселесін шешуіне мүмкіндік береді. Жаңа тұрғын үй құрылысының қарқыны құрылыс материалдарын өндірушілердің жергілікті нарығын жандандырады. Тұрғын үйлерді салу кезінде отандық өнімдерге басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік туғызады. Пайдалануға берілген үйлердің сапасының тиісті дәрежеде болуы мен олардың инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілуі назардан тыс қалмайды»,-деп жазды өңір басшысы.

Қазіргі уақытта Теміртауда және «Трилистник» тұрғын үй кешенінде анықталған құрылыс барысындағы ақауларды мердігерлер өз қаржыларына жөндеп жатыр. Сондықтан барлық әкімдерге құрылыс жұмыстарын ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. Облыс бойынша ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.


«Мысалы, Балқашта 5 тұрғын үй салу жұмыстарын қолға аламыз. Олардың 2-уі биылғы жылы пайдалануға беріледі. Ал Сәтбаев қаласында 5 бес қабатты тұрғын үй салынуда. Олардың 3-уі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Қалған 2 тұрғын үйдің құрылысы осы жылы аяқталады. Сондай-ақ, Теміртау, Жезқазған, Сараң, Қарқаралы қалаларында жаңа үйлер салынбақ. Бұған қоса, алға қойылған міндеттерді ойдағыдай іске асыру үшін «Бәйтерек» ҰБХ филиалымен «Нұрлы жер» бағдарламасы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен «Бақытты Отбасы» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасының операторлары болып табылатын екінші деңгейлі банктермен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз»,-дейді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар