Қарағанды облысында биыл 4000-нан астам пәтер салынады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Биыл облыста "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 4 300 пәтерге шақталған 420 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ол жайлы Қарағанды облысы құрылыс басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық бюджет есебінен аймақта 416 жалға берілетін пәтер салынады. Оның 228-і Саран, Теміртау, Приозерск қалалары және Бұқар Жырау, Шет және Ақтоғай аудандарында қолданысқа беріледі.

Сондай-ақ, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша Қарағанды облысында биыл 594 несиелік пәтер пайдалануға беріледі.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін Жезқазғанда 60 пәтерлі үй салынады. Сәтпаев қаласында - 56 пәтерлі үй, Қарқаралы және Осакаров ауданында - 72-пәтерге шақталған төрт үй, Жаңаарқа ауданында 88 пәтерлік жеті үй салынбақ. Абайда 80 пәтерлік үй, ал Бұқар жырау ауданында 16 пәтерге шақталған үй салынады. Жаңа тұрғын үйлер жалға берілетін болады.

Облыстық бюджеттен аз қамтылған және көп балалы отбасылар тұрғын үй алу үшін миллиард теңге бөлінді. Олар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жеңілдетілген бағдарламасы бойынша екінші нарықта пәтер сатып алуға жылына 2% несие алу мүмкіндігіне ие болады.

"7-20-25" бағдарламасы бойынша Жезқазған, Қарағанды және Сәтпаев қалаларында 1052 пәтер салынады. Аталмыш бағдарлама бойынша бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары беріледі. Бұл үшін облыстық бюджеттен бір миллиард теңге қарастырылған.

2019 жылдың алғашқы екі айында облыста 729 пәтер пайдалануға берілді.

Соңғы жаңалықтар